Олимпиада ойындарында қазақ-қырғыз балуандарының достығына сүйсінбегендер жоқ шығар?! Бір-бірімен кілемде кездесіп болғаннан кейін құшақтаса түсіп, артық-кем тұсты талқылап бара жатады. Бұл әрекет екі елдің жанкүйерлерін де жақындастыра түсті. Бір елдің балуаны жеңіліп, екінші елдің балуаны келесі кезеңге өтсе бір-біріне тілек білдіріп, жанашырлықтарын ашық жазып, сыйластықтарын көрсетіп жатты.
Әлемге «акула» деген лақап есіммен танымал грек-рим күресінің балуаны Ақжол Махмұдовтың халықаралық аренадағы ірі жеңісі 2018 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатынан басталады. Сол кезде финалда (72 келі) Демеу Жадыраевты жеңіп, чемпион атанды. Одан кейін Ақжол күрес әлемінде атой салып екі мәрте Әлем чемпионатында (2022, 2023) топ жарып, Азия чемпионатын үш рет (2018, 2022, 2023) жеңіп, Азия ойындарын (2022) ұтты. Ал Париж Олимпиадасында (77 келі) 35 жастағы Демеу Жадыраев өзінің айтулы жүлдесі жолында ширек финалдық кездесуде Ақжолды 3:1 нәтижесімен қапы қалдырды. Өз кезегінде Демеудің финалға шығуы Ақжолға Олимпиада жүлдесіне күресуге мүмкіндік сыйлады. Ал оны қырғыз балуаны уысынан шығарған жоқ.
Тұғыр төрінде тұрған төртеуден бөлініп екеу – Демеу күмісін, Ақжол қоласын көрсете, бір-бірін құшақтап, қасындағыларды елеместен еркін фотоға түсті. Дәл осы сәттегі фото-видео әлеуметтік желілерді шарлап, кең талқыланып кетті. Марапаттаудан кейін екеуінің ұзақ сөйлесіп, бір-біріне құрмет көрсеткенін Әлем көрді. Демеу Жадыраевтан осы жөнінде «Jetіsýдың» тілшісі сұраған еді, жүлдегер: «Ақжол финалға дейін де, одан кейін де өзінің білетінін айтып, қолдау көрсетті. Ал марапаттаудан кейін маған «алтын негізі сенікі еді, қалай жіберіп қойдың?» деп ашығын айтты. Біз бір-бірімізді жақсы танимыз, білеміз, хат-хабар алысып тұрамыз. Осы жолы Ақжол тарапынан қолдау қатты сезілді, өзім де достық үшін аянып қалған емеспін», – деді.
Әлеуметтік желіде жүктелген әр фото-видеоның астына жазылған қырғыздардың пікірінде қазақ балуанының айтулы жеңісімен құттықтауы көп кездессе, қазақтар осыған дейін Олимпиаданың күмісін алып, енді қоласына ие болған Ақжолдың үшінші барғанында Елдос Сметов сияқты үш медальді толық алған (дзюдодан Рио 2016 күміс, Токио 2020 қола, Париж 2024 алтын алды) балуан болуын тілеген.
Одан бөлек, 60 келіде күрескен Айдос Сұлтанғали алғашқы кездесуінде қырғыз балуаны Жоламан Шәршенбековтен жеңілді. Өкінішке қарай, Жоламан да жартылай финалда қарсыласы жапониялық Кэньитиро Фуитаға есе жіберіп, қола медаль үшін күресуге ғана мүмкіндік алды. Ал Айдос екеуінің күресінен кейін де екеуінің өзара әңгімесі, сыйластығы туралы аз айтылып, жазылмады.
Күрестегі қазақ-қырғыз балуандарының сыйластығы, бір-біріне жанашырлығы дәл осы Олимпиадада ғана орын алып тұрған жоқ. Осыған дейін де жетісулық балуан қыз Гүлмарал Еркебаеваның 2022 жылы Моңғолиядағы Азия чемпионатында жарақат алып қалған Айсұлу Тыныбекованы арақалап бара жатқан видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көрген жанкүйерлердің жүрегін елжіретіп жіберген еді. Кілем үстінде бір-біріне қарсылас болғанымен, одан тыс дос-бауыр болып сыйласып, қамқорлықтарын аямай жүреді. Бұл іс кейінгі балуандарға да үлгі.
Серік ҚАНТАЙ





