Астана. Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия чемпионаты барысында Қазақстан құрамасының өкілі Санжар Тәшкенбай (50 келі) жарыс жолын аяқтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Отандасымыз ширек финалда үндістандық Вишванаш Суреш қарсы жұдырықтасты. Тартысты өткен айқаста қос спортшы да белсенді қимылдап, шабуылға жиі шықты. Алайда алғашқы екі раунд қорытындысы бойынша төрешілер басымдықты қарсыласқа берді. Шешуші кезеңде Тәшкенбай нокдаунға түсіп, нәтижесінде жекпе-жек үндістандық боксшының пайдасына шешілді.
Айта кетейік, Санжар Тәшкенбай 2003 жылдың 1 маусымында дүниеге келген. Ол 2023 жылы әлем чемпионы атанып, 2022 жылғы Азия біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерілген. Сондай-ақ 2025 жылы World Boxing аясындағы Әлем кубогында топ жарған. Ал оның қарсыласы Вишванаш Суреш 2024 жылы Астанада өткен U22 санатындағы Азия чемпионатында алтын жүлде иеленген.
Бүгінгі жарыс күнінде Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Лаура Есенкелді (65 келі) де ширек финалда үндістандық Анкушита Боро алдында жеңіліс тауып, жарысты аяқтады. Бұған дейін Жазира Орақбаева (51 келі), Элина Базарова (54 келі) және Римма Волосенко (60 келі) де жарыс жолынан шығып қалған еді.
Алдағы кездесулерде ерлер құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (65 келі) қырғызстандық Мирзохид Имамназаров қарсы шаршы алаңға көтеріледі.
Кешкі сессияда Валентина Хальзова (75 келі) Оңтүстік Корея спортшысы Суйеон Сеонг, ал Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) өзбекстандық Арман Маханов қарсы жұдырықтасады.
Сонымен қатар Оразбек Асылқұлов (60 келі) жапониялық Шунсуке Китамото жекпе-жекке шығуы тиіс болған. Алайда қарсыласы жарақатына байланысты айқасқа қатыса алмады. Осылайша қазақстандық боксшы тікелей жартылай финалға жолдама алды.
Құрлықтық дода 10 сәуірге дейін жалғасады.





