Дәл қазір әлем футболында ауыс-түйіс қызу жүріп жатыр. Әр команда қал-қадірінше күшейіп, шама-шарқынша ойыншылар алып, ал тактикалық тұрғыда ойын жүйесіне келмейтіндерді қатардан шығарып, өзге клубқа жалға беріп, болмаса толық сатып құтылуда. Ел чемпионатындағы клубтарымыз бұрын соңды болмаған трансферлер жасап, әлемді өзіне қаратып жатыр.
Португалия құрамасымен Еуропа чемпионы (2016 жыл) болған Луиш Нанидың «Ақтөбеде» ойнайтындығын, «Челсимен» Англия премер-лигасында жеңіске жеткен тәжірибелі ойыншы Виктор Мозестің «Қайсармен» келісімшарт жасағаны жөнінде Әлемдік БАҚ молынан жазды. Аладоп бәсекесінде көп айтыла бермейтін клубтарымыздың аты аталып, мәртбесі өсті. Ендігі кезек – тәжірибелі футболшыларды пайдалана отырып, Еуропа чемпионаттарында абыроймен ойын көрсету. Англия чемпиондары болған ойыншылар Қазақстан чемпионатындағы бұрын соңды болмаған айлыққа ие. Ал ел чемпионатындағы командалар арасында өз түлегін сату болмаса жергілікті футболшылардың шет елдік командалармен байланыс орнатып, сол жаққа ауысуы да – бүгінгі ел футболының абыройын бір саты жоғарлатқаны анық.
Қазақстан Премьер-лигасындағы трансфер нарығы кейінгі маусымдарда алғаш нақты сандармен айтыла бастады. Бұрын футболшының ауысуы тек факт ретінде көрсетілсе, қазір нәтиже, баға нақты көрсетіледі.
Қымбатқа ауысқан қазақстандықтар
Әйгілі transfermarkt сайты «Қайраттың» 17 жастағы ойыншысы Дастан Сатпаевтың құнын 3 миллион еуро деп көрсеткен. «Қайрат» сапында жалпы 42 ойынға қатысып, 19 гол салып, 8 пас берді (Премьер-лигада 26 ойын 14 гол, 7 пас; Қазақстан кубогында 2 ойын, 1 гол; Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде 7 ойын, 3 гол, 1 пас; Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде 5 ойын, 1 гол, қалған екі ойынды Қазақстан кубогында өткізді). Дастан биыл жазда (18-ге толғаннан кейін) Англияның әйгілі «Челси» командасына ауысады. Трансфер құны – 3 миллион еуро (transfermarkt). Дастан бүгінгі футбол нарығындағы ең қымбат қазақ футболшысы.
Шетелге кеткен тағы бір футболшы — Ислам Чесноков. Оны transfermarkt сайты 1,20 миллион еуроға бағалады. «Алтай» (Шығыс Қазақстан облысы) футбол клубының түлегі «Тобыл» (Қостанай облысы) сапында жалпы 92 матчқа қатысып, 29 гол салып, 15 пас берді. Өткен маусымда қостанайлықтар қатарында 29 ойынға қатысып, 10 гол, 5 пас берді. Ал биыл қаңтардан бастап «Хартс» (Шотландия) командасына ауысты. Келісімшарт мерзімі 2028 жылға дейін есептелген.
Тағы бір таланатты ойыншымыз Ғалымжан Кенжебек жыл басталғанда «Ахмат» (Ресей, Грозный) сапына ауысты. Ол 4,5 жылға келісімшартқа қол қойды. Былтырғы маусымда «Елім-ай» (Семей) сапында 11 ойында 6 гол салды. Ғалымжанның трансфердегі құны – 600 мың еуро (transfermarkt).
Жыл басынан бері өзге клубтарға ауысқан футбол нарығындағы қымбатқа бағаланған қазақстандық ойыншылар осылар. Ал Максим Самородов болса 2024 жылдан бері «Ахмат» (Ресей, Грозный) клубында ойнайды. Трансферлік құны – 2,50 миллион еуро.
Қазақстан чемпионатындағы үздіктер
Белгілі португалиялық ойыншы Луиш Нани 39 жасында кәсіби футболға қайта оралып, 2026 жылға бір жылға «Ақтөбе» клубымен келісімшартқа қол қойды. Айлық жалақысы шамамен 70 000 АҚШ долларды құрайды. Бұл Қазақстан Премьер-Лигасындағы ең жоғары жалақы. Нани елге 23–24 қаңтарда келіп, клубтың таныстырылымына және маусым алдындағы дайындыққа қосылды. Бұрынғы Манчестер Юнайтедтің төрт дүркін чемпионы және Чемпиондар лигасының жеңімпазы ретінде Қазақстан футболының даму жобасына да үлес қосуға дайын екенін айтты.
Ал Виктор Мозес 35 жасында Қазақстанның «Қайсар» (Кызылорда) клубымен бір жылдық келісімшартқа отырды. Жалақысының нақты мөлшері ашық жарияланбады. Мозес өзінің өткен маусымды «Лутон Таун» (Англия) клубында болып, маусым соңында келісімшарты аяқталған соң еркін агент ретінде Қазақстанға келген.
Екі ойыншы да Қазақстан чемпионатына өз тәжірибесін, кәсіби деңгейін көрсетіп, медиадағы клубтардың бәсін жоғарлатарына сенеміз.
Серік ҚАНТАЙ




