Талантты жастар мықтылардың арасынан бой көрсетіп, қабілетінің бар екенін аңғартып, үздік болуға деген ұмтылысын байқатқанда болашағына мол үмітпен қарайсың. Ел футзалының келешегіне баланған бір шоғыр жас өсіп келеді. Арасында «Жетісудың» негізгі ойыншыларының бірі – Мади Маратұлы да бар. Ол биыл Кубоктағы үш ойында үш гол салса, чемпионаттағы екі кездесуде бір голдың авторы атанды. Былтырғы маусымда жас ойыншы 17 матчқа қатысты.
Біздің анықтама: Кейіпкеріміз 2006 жылдың 24 қыркүйегінде Талдықорған қаласында дүниеге келген. Футзалмен 15 жасынан бастап айналысады. Алғашқы бапкері Еркебұлан Мұсабеков. Ал «Жетісу» футзал клубына 2024 жылы қабылданды. Бүгінгі жаттықтырушысы Биро Жаде. Алаңдағы амплуасы – шабуылшы. Мади Талдықорғандағы Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясының және Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің түлегі.
– Футзалға қалай келдің, отбасың қарсы болмады ма? Олардан қандай көмек болды, өзің футзалмен түбегейлі айналысу үшін қандай тәуекелге бардың?
– Үлкен қолдау отбасымнан болды. қандай жағдай болмасын әркез демеп отырады. Үлкен футбол ойнап жүріп футзалға ауысқанымда да еш қарсылық білдірмеді. Спортты түбегейлі таңдағаннан кейін жеке тәуекел өте көп болады. Жетістік жолында аянып қалмақ емеспін. Кәсіби мансабымызды енді бастап жатқаннан кейін үйренетін де, жиренетін де іс-әрекет көп.
– Алаңда жүргенде айналадағы дыбыс, жанкүйердің үні, доптың дауысы – бәрі қалай естіледі?
– Шыны керек, маған доптың дыбысы мен командаластарымның нұсқауы жақсы естіледі. Өзім де соған мән беруге тырысамын. Ал жан- күйерлердің шуы мен айғайы ойыншыға ерекше күш сыйлайтыны анық. Бір жанкүйердің сенімінің өзі сені биікке жетелейді.
– «Жетісу» – биылғы ел чемпионатындағы ең жас команда (орта жасы – 20.9). Өзің қатарлы жергілікті ойыншылар өсіп келеді. Қатарластарыңнан кімді ерекше айта аласың, қай әріптесіңнің болашағына зор үмітпен қарайсың?
– Биыл командамыз үшін үлкен сын болайын деп тұр. Ел чемпионатындағы ең жас команда болғандықтан футзалды көретін әр жанкүйер бізге қолдау білдіріп, жылы сөзін айтып жатады. Осы тұрғыда фанаттардың жанашыр көңілі қатты сезіледі. Ал қатарластарымнан жыл сайын нәтижесін жақсартып, өздерін көрсетіп келе жатқан Мадияр Тұрғанбай, Дәурен Қайратұлы, Бексұлтан Тілеухан және Аят Мұсабаевты ерекше атап өте аламын.
– Жалпы футзалдағы қай ойыншы ұнайды және қандай қабілетін жоғары бағалайсың?
– Рикардиньо. Оның дриблингі қатты ұнайды. Жалғыз өзі бір ойынның тағдырын шешіп кеткен сәті өте көп. Шеберлігіне сүйсінемін. Соған қарап бой түзедік.
Қысқа-нұсқа
– Joma әлде Nike?
– Nike– Бірге ойнағың келетін ойыншы?
– Игита (Қазақстан Ұлттық құрамасының, «Семей» командасының қақпашысы).– Сен үшін ең қиын қарсылас болған ойыншы?
– Жеже («Аят» командасының ойыншысы).– Талдықорған сен үшін…
– Отбасым. Туғандарым. Достарым.– Таңертеңгі әлде кешкі жаттығу ұнай ма?
– Таңғы жаттығу ұнайды.– Кофе әлде шай?
– Шай.
– Бойыңдағы қай қасиет саған алаңда көмектеседі, ал, керісінше, өзіңе кедергі келтіргеннен кейін күресіп жүрген әдетің?
– Еркін ойнауға тырысып, дриблингке қорықпай баратыным ұнайды. Ал өзім күресіп жатқан әдетім – ойын барысында жеңіліп, болмаса әріптестерім доптан айырылып қалып жатса тез ашуланып кетемін. Кейінгі ойындарда осы әдетті доғару үшін барымды салып шектеп жүрмін және өзгерісті байқаймын. Үлкендер жағы тәжірибе жинау барысында осындай кезеңнен өту керектігін де айтады.
– Жаттығуға кететін уақыт, достармен кездеспей қалу, мерекелерден бас тар-ту, – осының бәрі қиын емес пе?
– Шыны керек, бәріне уақыт табуға тырысамын. Иә, жаттығу уақытына болмаса ойын күніне тура келсе онда бас тартамын. Ал ойыннан, жаттығудан тыс уақытта бәріне үлгеруге болады.
– Күнделікті жаттығу кестесі қалай?
– Күніне екі уақыт, кей күні бір уақыт болады. Фитнесстен бастап, залда тактикалық тұрғыда дайындық жүргіземіз. Бапкер әр ойыншыны жеке қадағалап отырады.
– Ең алғашқы жалақыңа не алдың?
– Қолыма қалай ақша тиді, бірден анама апарып бердім. Ал ананың оған ұмытылмастай бір зат алғанына сенімдімін.
– Былтыр легионерлермен бірге ойнап, оның үстіне елімізге белгілі Ұлттық құраманың мүшелерімен бірлесе доп тептің. Қай ойыншы саған ерекше әсер етті, кімнен не үйрендің?
– Иә, өткен маусымдағы «Жетісудың» құрамында сақа ойыншылар өте көп болды. Олар өз білгендерін үйретіп, қай тұста қалай қимылдау керектігін айтатын. Мәселен, өзіміздің Нұрқанат Бақтияров дриблинг жасаудың әдіс-тәсілін түсіндірсе, Болат Сарбасов қорғаныстағы іс-қимылды үнемі көрсететін.
– Жас ойыншының болашаққа деген мақсаты көп екені белгілі. Біз де білсек бола ма?
– Әрине. Дәл қазіргі басты мақсат – Ұлттық құрама сапында ойнап, ел намысын қорғау. Жеке шеберлігімді арттырып, командаға пайдалы ойыншы болу.
– Биылғы чемпионат жөнінде не айтасың?
– Биылғы маусым ерекше болып жатыр. Легионерлер белгілі бір командаларда ғана бар, ал басқалары жергілікті ойыншыларға үміт артқан. Соның ішінде жастарымызға беріліп жатқан мүмкіндік зор. Осыны пайдалануымыз қажет. Ал командамызға тоқталатын болсақ, барлығы жергілікті жас ойыншылар. Бапкеріміздің тәжірибесі мол, әлем футзалында өзіндік орны бар маман. Оның физикалық жағынан да, техникалық тұрғыдан да, тактика жөнінен де шебер дайындық жүргізетініне тәнтіміз. Біздің үйренетініміз көп.
– Сұхбатыңа рақмет!
Серік ҚАНТАЙ





