Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев (24 кездесу өткізіп, 17 нокаутпен жеңіп, 1 жекпе-жекте жеңілді) шаршы алаңға оралады. Ол «All Stars» промоутерлік компаниясы мамырда ұйымдастыратын бокс кешіне қатысады. Бұл жөнінде 7-su.kz порталы мәлімдейді.
Батыр Жүкембаевтың қарсыласы – өзбекстандық Шохжахон Ергашев (27 кездесуде 2 мәрте жеңіліп, 23 жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған). Кездесу 9 мамырда Ташкент қаласындағы «Humo arena»-да өтеді.
34 жастағы Батыр Жүкембаев кейінгі кездесуін былтыр 25 сәуірде «Барыс Аренада» (Астана) ұлыбританиялық Кейн Гарднерге қарсы өткізіп, төрешілер шешімімен жеңді. Былтыр тек бір жекпе-жек өткізген Батыр биыл екі кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Ал Батырдың қарсыласы 34 жастағы өзбек Шохжахон Ергашев биылғы жылды сәтті бастады. Ол 4 қаңтарда Самарқандта (Ташкент) «Top Seven Fighters» промоутерлік компаниясы ұйымдастырған бокс кешінде Гурприт Сингхты (Үндістан) 1-раундта нокаутпен жеңді.
Зия Әлиев жетекшілік жасайтын Қазақстанның промоутерлік компаниясы «All Stars» осыған дейін талай бокс кешін ұйымдастыру арқылы танымал. Әсіресе, олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы негізгі жекпе-жектерін өткізуге көмектесті.
Фото wbaboxing.com сайтынан





