Лондондық «Челси» футбол клубының тізгінін жақын арада жаңа маман ұстайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Белгілі инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, ағылшын маманы Лиам Росеньор осы аптада ресми түрде «Челсидің» бас бапкері болып тағайындалады. Қазіргі уақытта лондондық клуб франциялық «Страсбурмен» келіссөздерді аяқтауға жақын. Бұған дейін команданы басқарған италиялық Энцо Мареска қызметінен кеткен болатын. Росеньор бұған дейін «Халл Сити» клубында жемісті еңбек етіп, өзін жас әрі креативті маман ретінде көрсетті.
Бұл жаңалық қазақстандық жанкүйерлер үшін өте маңызды. Себебі отандық футболдың жарық жұлдызы Дастан Сатпаев дәл осы «Челсимен» келісімшартқа отырған. Еске сала кетейік, 2025 жылдың ақпанында алматылық «Қайрат» өз тәрбиеленушісін ағылшын алпауытына сатқанын жариялады. Трансфер құны бонустармен бірге 4 млн еуроға дейін жетуі мүмкін, бұл – қазақ футболы тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Дастан Сатпаев Лондонға 2026 жылдың тамызында, 18 жасқа толған соң аттанады. Демек, ол «Челси» сапына қосылғанда оны Лиам Росеньор қарсы алуы әбден мүмкін. Қазіргі уақытта жас шабуылшы «Қайрат» сапында тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдауды жалғастыруда. Жанкүйерлер Сатпаевтың ағылшын премьер-лигасындағы дебютін асыға күтеді.





