Өмірлік бағдарды айқындап, сол бағытты бетке алып, мақсатың жолында жаныңды салып, барыңды беріп жетістікке сатылы жету – ойлы адамның ісі. Қайта түлеген бүгінгі қазақ волейболында жиі айтылатын есім – Перизат Нұрбергенова. Еліміздің – Батыс өңірінде дүниеге келіп, Шығысында шыңдалып бүгінде Жетісуға келін болған ару ел волейболындағы титулды «Жетісу» командасының белді ойыншысына айналды. Сары ала допты серік еткен жанның спорттық портретіне үңілсек.
Перизат Нұрбергенова Маңғыстау облысына қарасты Жаңаөзен қаласында 2004 жылдың 29 наурызында дүниеге келген. Әулиелер мекені саналған елді мекенде көпбалалы отбасында (2 ұл, 4 қыз) өсті. Волейболға деген аңсары ауған 9 жасынан бастап тұрақты ойнап келеді. Қыздарының таңдауына әке мен ана, жақындары қарсылық көрсетпей, барынша қолдауға тырысты. Әлі де Перизаттың әр ойынын қалт жібермей, үнемі бақылауда ұстап келеді. Жақындарының қолдауы, жанкүйерлердің ықыласы айрықша. Кейіпкеріміз үміт пен сенім артқандардың көңілін көтеріп, әр ойында жақсы көрсеткішімен қуантамын деген ұмтылысын көріп жүрміз. Бір соққысы сәтсіз аяқталып жатса, қарсыластың алаңына көз қиығын бір тастап, екінші қайтара пас келгенде бар күшімен шабуылдап, ұпай алып жатқанда бойдағы намысты анық көресіз. Алаңдағы батылдығымен, шабуылдағы табандылығымен ойынға деген жауапкершілігі арқылы ерекшеленіп тұрады. Әр матч сайын тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыда өсіп келе жатқан Перизаттың бүгінгі ойыны оның әлеуетінің жоғарылығын аңғартады.
Күннен-күнге мықты болу. Бұл Перизаттың басты ұстанымы. Соған сай еңбектеніп, бір күннің екінші күннен ерекше өтуі үшін жанын салып жаттығуда түрлі әрекетке барады. Тосқауылдың үстінен 3 қайтара допты ұрып өткізсе, келесіде жанынан қиғаш жібереді, ендігісінде қарсыластың қолына тиіп аут болатындай іс жасайды. Түрлі экспериментті көреді. Іштей ой түйеді. Перизат волейболшыға керек 3 қасиет шыдамдылық, табандылық және сенім дегенді үнемі айтады. Осы көрсеткен 3 қасиет адам бойынан табылса қай салада болмасын жетістікке жетуге сеп деп есептейді.
Ел волейболына жапон мамандары келіп жұмыс істей бастағанда жарыстың дүрмегінде жүрген жас Перизатқа көздері түседі. Шығыс Қазақстан облысында волейболға жаңа леп келіп, жапон бапкері Коити Сютоның тәжірибесі Перизаттың талантымен ұштасып кетті. Шеберлігінің арқасында «Алтай 3» (Шығыс Қазақстан) командасына қабылданып, жапон маманы (2018-2021 жылға дейін) жаттықтырған уақытта негізгі ойыншылардың бірі есебінде ойнады. Кейіпкеріміздің айтуынша, жапон маманы күн шыққаннан кеш қарайғанға дейін жас қыздарды жаттығуға салып, ақ қар, көк мұз, шаң мен аптап ыстыққа қарамастан жаттықтырған. Сол арадан шыңдалып шыққандар бүгінде Ұлттық лигада ойнап жүр. «Алтай 3» командасынан басталған кәсіби жол артынша «Алтай 2», «Алтай» командаларында жалғасты. Ал 2023 жылы Талдықорғанда «Жетісудан» бөлек, Ұлттық лига бәсекесінде жастардан жасақталған «Айқаракөз» командасында да өнер көрсетті. Перизат сол құрамға көшбасшы ойыншылардың бірі есебінде ауысты. Сол жылы желтоқсанда «Жетісу» сапына бұрын «Алтайды» сан жарыста жаттықтырып, титулды молынан алып жүрген бапкер Марко Гршич ауысып келді. Келе сала Перизатты «Айқаракөзден» «Жетісуға» алдыртты. Содан бері Перизат (2024 жылдың басынан) «Жетісу» сапында ойнап келеді. Диагональ позициясында ойнау – тек физикалық мықтылықты ғана емес, сонымен қатар, тактикалық ойлау мен психологиялық төзімділікті талап етеді. Бұл тұрғыда жас волейболшы өзіне жүктелген сенімді ақтап, шабуыл шебінде командаға серпін беріп жүр. Командалық ойынға бейімділігі, алаңдағы тәртібі мен әріптестерімен өзара түсіністігі – оның басты артықшылықтарының бірі. Перизат үшін әр ойын жаңа сабақ, әр ұпай келесі қадамға жасалған сенімді баспалдақ.
Осы тұрғыда өзінің кумирі бразилиялық Габиге қатты ұқсайды. Ол жөнінде кейіпкеріміз «жалпы волейболшылармен салыстырмалы түрде бойының аласалығына қарамастан, нәтижелі ойын көрсетіп жүреді. Шеуші ойындарда жарқырап, әр соққыдан нәтиже алады» дейді. Перизаттың ойын мәнерінде асығыстық жоқ. Әр қимыл ойланып жасалған, әр соққы мақсатты. Бұл болашақта үлкен ареналарда ойнауға керек қасиет. Мамандардың айтуынша, дәл осындай мінез бен еңбекқорлық спортшыны уақыт өте келе жоғары деңгейге көтереді. Перизат та осы жолдан таймай, күн сайын өз-өзін жеңуге ұмтылып келеді.
Кейіпкеріміз Филиппиннің Манила қаласында мамырдың аяғында өткен «AVC Challenge cup» турнирінде Қазақстан құрамасының қатарында алғаш рет алаңға шығып, күміс жүлдегер атанды. Бұл жөнінде өзі: «Наурызда (2023-2024 жылдардағы маусым) Түркістан қаласында плей-офф ойындары аяқталып, үйге қайтып бара жатқанда Ұлттық құраманың бапкері, ресейлік маман Ришат Гилязутдинов хабарласып, Астанада өтетін оқу-жаттығу жиынына шақырды. Әрине, қуанышымда шек болмады. Тіпті жылап та жібердім. Мені әлі шақырмайды деп ойладым. Өйткені жоғары деңгейде ойын көрсетіп жүрген мықты волейболшылар болды. Ал қуанышымды бірінші кезекте әкем мен анама айттым. Олар да қатты қуанды», – дейді. Бірінші ойынын Вьетнамға (1:3–14:25, 19:25, 25:14, 23:25 жеңілді) қарсы өткізді. Перизат 4 сетте Маргарита Бельченконың орнына шықты.
– Ұлттық құраманың жейдесінде алғаш алаңға шыққанда қобалжыдым. Бапкер де қолдап, қанаттандырды. Қандай жағдай болмасын, бір ұпай болсын алуым керек деген мақсат болды. Оны орындай алдым деп ойлаймын. Әрине, қателіктер болды. Бірақ әр істен бір нәтиже шығарып, қорытынды жасап отырдым. Бірінші кезекте алаңға шыққанда үлкен жауапкершілікті сезіндім, – дейді Перизат Нұрбергенова.
Алаңда «№1» жейделі ойыншы дәл сол деңгейде қалуға ұмтылып келеді. Командалық ойын болғандықтан әр шептегі ойыншының рөлі маңызды. «Алғаш «Алтай 3» командасына алғанға дейін 8-нөмірмен ойнағанмын. Ал мен қабылданып жатқанда ол жейде бос болмады да 1-нөмірді таңдауға тура келді. Содан бері бой үйреніп, өзім де жақсы көріп қалдым», – деген еді өзінің бір естелігінде. Перизат әр ұпай үшін талас-тартыста командасына нәтиже сыйлауға ұмтылады. Сондықтан да болар,«Жетісу» волейбол клубының бас бапкері Марко Гршич: «Мен саған үнемі сенемін және сені кез келген сәтте есепке аламын» – деп қысқа қайырғаны бар. Бұл жас ойыншыға деген мол сенім.
Перизаттың күйеуі де волейболдан алыс емес. Алакөлде дүниеге келген Ади Әбіш бүгінде волейболдан жоғары лигада ойнап жүр. Бұл отбасы үшін спорт – тек мамандық емес, ортақ тағдыр, ортақ түсінік. Бір салада жүрген жандардың бір-бірін сөзсіз түсінуі, қолдауы мен сенімі – үлкен спортта маңызды фактор.
Перизат Нұрбергенова – ертеңгі ел волейболының үміті. Алда оны әлі талай маңызды матчтар, шешуші сәт пен үлкен жеңістер күтіп тұрғаны сөзсіз. Ең бастысы – ол сол жолға дайын. Сондықтан да қазақ волейболы бұл есімнен болашақта мол үміт күтеді.
Серік ҚАНТАЙ





