Еліміздің бірінші, әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина «Australia open» турнирінің екінші айналымында жарысты аяқтады. Ол әлемдік рейтингте 57-ші болып тұрған ресейлік Анна Блинковадан жеңілді.
Кездесу тартысты өтті. Бірінші кезеңде Блинкова 6:4 есебімен жеңіске жетсе, екінші партияда Рыбакина таразы басын теңестірді (6:4). Ал үшінші сет тай-брейкке ұласып, есеп 22:20 есебімен ресейлік теннисшінің жеңісімен аяқталды. Осылайша, Рыбакина жарыспен ерте қоштасты. Қазақстандық теннисші алғашқы кезеңде әлемдік рейтингте көш бастаған, қазір 38-орында тұрған чехиялық, 31 жастағы тәжірибелі Каролина Плишкованы жеңген еді. Блинкова болса бірінші айналымда испаниялық Кристина Бучадан басым түскен.
Рыбакина осыған дейін де ресейлік теннисшілерге жиі есе жіберді. Мәселен, бұл тізімде Блинковадан бөлек, Людмила Самсонова, Анна Калинская, Дарья Касаткина бар.
Серік Қантай
Фото: ubitennis.net





