Польшаның Торунь қаласында World Athletics ұйымының 240-шы басқосуында Астана қаласы 2030 жылы 15-17 наурызда жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионатын қабылдайтындығы ресми жарияланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
World Athletics кеңесі Астананың ірі халықаралық жарыстарды ұйымдастырудағы тәжірибесіне, атап айтқанда, 2023 жылғы жабық кешендегі Азия чемпионаты мен 2024-2025 жылдардағы World Athletics Indoor Tour Gold кезеңдерінің жоғары деңгейде өткізгенін назарға алды.
Отырыс аясында ұйым президенті, лорд Себастьян Коу Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Хасеновпен және бірінші вице-президент Алпамыс Бақытұлымен жеке кездесіп, стратегиялық мәселелерді талқылады. Себастьян Коу Астананың таңдалуын спортты жаңа нарыққа шығару мен жаһандық географияны кеңейту стратегиясының маңызды бөлігі деп атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан сияқты әлеуеті жоғары елдерде мұндай турнирлер өткізу жеңіл атлетиканың халықаралық деңгейдегі орнын нығайтуға септігін тигізеді.





