«Жастар» спорт кешенінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Алтын сақа» атты облыстық ұлттық ойындар спартакиадасы өтті. Жарысқа әр ауданнан іріктеліп келген 200-ге жуық спортшы қатысты.
Шара облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офистің басшысы Ғабит Тұрсынбайдың алғысөзімен бастау алды.
– Ата-бабаларымыз ойнаған көне ойындарды қайта жаңғырту мақсатында бүгін үлкен жарыс өтуде. Бұл ойындар балаларға тәрбие берумен қатар ептілікті, жинақылықты, көз мергендігі мен қол икемділігін дамытады. Асық ойындары бұған дейін дәстүрлі түрде өткізіліп келсе, ләңгі мен бестас ойыны облыстық деңгейде алғаш ұйымдастырылуда. Ұлттық спорт ойынымыз ұмыт қалмасын десек, көне ойындарды жаңғыртайық, – деп жұртшылықты бұқаралық спортқа шақырды.
Осыдан кейін ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамыту бөлімінің басшысы Алмат Үшкемпіров сөз алып жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Асық ату ойынынан бастау алған дода Олимпиадалық жүйе бойынша өрбіді. Сақасын шиыра тартып көнге тігілген кенейді жан-жаққа шашқан мергендер дода көркін қыздырды. «Шеңбер» ойынында барын салған спортшылардың өнері жарысқа жиналған көрермендерді тәнті етті. Асқан шеберлік пен аяқтың ептілігін қажет ететін ләңгі ойыны да тартысқа толы болды. Бұл сында өрендер түрлі тәсілдер жасап ләңгі ойынының озық үлгісін көрсетті. Келесі кезекте қаракөз қыздарымыз бестас ойынынан шеберлік байқасты.
Жарыс қорытындысы бойынша асық атудан 1-орынды Іле ауданының командасы жеңіп алса, 2-орынды Ұйғыр ауданы еншіледі. Ал, Панфилов ауданынан келген команда үздік үштіктің қатарынан көрінді. Ләңгі тебуден бас жүлде Ұйғыр ауданына бұйырса, Іле ауданы күміс жүлдегер атанды. Талғар ауданы қола жүлдені қанағат тұтты. Бестас ойынынан 1-орынды Ескелді ауданы қанжығасына байласа, Панфилов ауданы тұғырдың екінші сатысынан көрінді. 3-орын Жамбыл ауданына бұйырды.
А. Назарұлы




