Талдықорғандық «Жетісу» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының 26 турынан кейін турнир кестесінің соңғы сатысына тұрақтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы KazFootball.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірдің бас командасының мұндай мүшкіл күйге түсуі тек жасыл алаңдағы нәтижелерге байланысты емес. Тіркелген жеңілістер үшін жауапкершілік жаттықтырушылар құрамы мен футболшыларға жүктелгенімен, клуб төңірегіндегі күрделі жағдайдың өзге де себептері бар.
Жағдайдың ушығуына трансферлік шектеулер тікелей әсер етті. Жазғы маусымда Премьер-лиганың өзге ұжымдары құрамын жаңартып, жаңа ойыншыларды қатарына қосып жатқанда, Талдықорған ұжымы жаңа футболшыларды тіркеуден қағылды. ФИФА тарапынан мамыр айында енгізілген тыйым салдарынан команда маусымның екінші бөлігіне бұрынғы құраммен өтуге мәжбүр болды. Тек тамыз айының соңында ғана еркін агент мәртебесіндегі Вячеслав Швыревпен келісімшарт жасалды. Алайда трансферлік бан мәселесі әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ.
Клубты басқару жүйесі мен жергілікті жанкүйерлер арасындағы байланыстың әлсіреуі де ұжым ішіндегі кері әсерді күшейте түсті. Ақпараттық кеңістікте басшылықтың жұмысына қатысты сыни пікірлер жиілеп, сәтсіз ойындар сериясы жанкүйерлердің ренішін тудырды. Оған қоса, жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемінің қысқаруы мүмкін деген ақпарат тарауда, десе де ресми тарап әлі нақты жауап бермеді.
Қаржылық қиындықтар ойыншылардың ынтасына да кері әсерін тигізді. Түрлі дереккөздердің хабарлауынша, футболшылар мен жаттықтырушылар құрамына келісімшартта қарастырылған қосымша төлемдер 4 ай бойы берілмей келеді. Қарыздар отандық спортшыларға да, легионерлерге де қатысты орын алуда.
Команданың турнир кестесінде соңғы орынға сырғуы жасыл алаңда ұпай жоғалтудың ғана салдары емес. Трансферлік тыйым, құрамды күшейту мүмкіндігінің болмауы, қаржылық іркілістер мен басқарудағы олқылықтар «Жетісудың» бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп жіберді. Қалыптасқан түйткілдерді шешу үшін клуб басшылығы мен өңірлік спорт басқармасы тарапынан шұғыл әрі кешенді шаралар қабылдануы тиіс. Тығырықтан шығудың басты жолы – қаржылық міндеттемелерді реттеп, ФИФА шектеулерін жою.





