Маусымның алғашқы ойынын жеңіспен бастағанымен, одан кейінгі сериялы жеңіліс «Жетісу» футзал клубының жанкүйерлеріне де, ойыншыларына да айтарлықтай әсер еткен. Бір жеңістің керегі анық еді. Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында «Ордабасыны» (Шымкент) қабылдаған жергілікті команда, 7-8 тур ойынында жеңіске жетті. Есеп те ірі.
Қыркүйекте өткен чемпионаттың алғашқы ойынында «Каспийді» 3:1 есебімен жеңген «Жетісу» келесі күні 1:3 нәтижесімен жеңілген еді. Одан кейінгі «Ақтөбемен» (1:2, 0:2), «Атыраумен» (1:2, 3:5) болған төрт ойында сәттілік жолдас болмаған. «Ордабасымен» болған кездесуде жетісулық ойыншылар ерекше әдіске көшті, өз артықшылықтарын тиімді пайдаланды. Бірінші күні 3:1 есебімен жеңді. Көзге түскендер – Арнольд Кнауб, Болат Сарбасов, Ерсұлтан Сағындықов. Екінші күнгі ойында «Ордабасының» осал тұсын оңай тапты. Алаңнан қуылған Берік Исмайловтың жоқтығын, ойыншылардың аздығын пайдаланып, есепті еселеді. Кездесуде Нұрсұлтан Пиялы екі гол салса, Ерсұлтан Сағындықов, Мади Саматұлы, Болат Сарбасов жеңіске айқын жетуге үлес қосты (5:0). Жалпы командадағы әзірге үздік сұрмерген – Нұрсұлтан Пиялы (5 гол салды). «Ордабасымен» болған ойында талдықорғандық 17 жастағы Мадияр Тұрғамбай дебют жасады. Болашағынан мол үміт күттіретін жетісулықтың басты ойынға араласа бастауын барша жерлестері үлкен қошеметпен қабылдады.
– Екі ойында жеңіске жетіп, 6 ұпайға ие болдық. Бұл өте жақсы нәтиже деп ойлаймын. Біз үшін әр кездесу маңызды. Алдағы ойындарға тыңғылықты дайындалып, жақсы нәтиже көрсету үшін барымызды саламыз, – дейді «Жетісу» футзал клубының капитаны Болат Сарбасов.
«Жетісудың» келесі қарсыластары ел чемпионатындағы фавориттер. Қостанайда 11-12 қарашада «Аятпен», одан 18-19 қарашада Талдықорғанда «Қайратпен» ойайды.
Серік Қантай





