«Қайрат» футбол клубы талай жас таланттың жолын ашып, есімдерінің елге танылып, қалыптасуына себепкер болып келеді. Кейінгі толқынның «күші» жойқын. Дастан Сәтпаев бүгінде «Челсидың» (Англия) негізгі құрамымен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатса, Азамат Тұяқбаев, Адлан Нұрғалиев «Қайрат» сапында ерекше ойынымен көзге түсіп жүр. Рамазан Бағдат «Қайсар» сапына уақытша ауысса, Мансұр Бірқұрманов «Жетісудан» қайтып, алматылықтардың қатарына қосылды. «Қайрат» академиясының 20-ға толмаған бұл жастары бүгінде ел футболының болашағына баланып, үлкен үміт арқалап келеді. Премьер-лиганы бақылап, Чемпиондар лигасын жібермей көретіндер «Қайраттың» кейінгі матчтарында кездесудің ортасында қосылып, ойынды құбылтып жіберетін дарынды жасты байқағаны анық. Бүгін Исмаил Бекболат жөнінде жазамыз.
Ел футболына тамаша ойыншыларды сыйлаған «Қайрат» академиясы әлі талай мықтыны баптап, қатарға қосары анық. Ұлттық құрама сапындағы ойыншылардың басым бөлігі «Қайраттан» шыққандар. Былтыр «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтіп, қазақ футболындағы ілгерілеуді көрсетті. Биыл да сол межеге жету үшін барын салып, жақсы нәтижеге қол жеткізгісі келеді. Чемпиондар лигасының 1-ші іріктеу кезеңінде «Қайрат» Алматының Орталық алаңында «Сутьеска» (Черногория) командасын қабылдап, 2:1 есебімен жеңді. Қарымта кездесу 15 шілдеде сырт алаңда өтеді. Ойынның алғашқы бөлігінде есеп ашылмады. Жоржиньо 33-ші минутта гол салғанымен офсайдта қалып қойғандықтан есепке алынбады. Кездесудің 74-ші минутында Ойва Юкколаның орнына кірген 18 жастағы Исмаил Бекболат алаң ортасында жасындай жарқырады. Ол 74-ші минутта Лукас Африкуға нәтижелі пас берді. Черногориялықтар сапынан ойын аяқталар тұста (90-шы минутта) Марко Мрвальевич есепті теңестірді. «Қайратты» тең нәтижеден құтқарып қалған тағы Исмаил Бекболаттың пасы. Исмаил 90+2-ші минутта командаға қосылғанына көп болмаған, соған қарамастан нәтижелі ойынымен көзге түсіп жүрген испаниялық Марк Гуальдың гол салуына себепші болды. Есеп – 2:1. «Сутьесканың» бас бапкері Милорад Пекович болса Исмаилдың алаңға шығу ойынды өзге арнаға бұрып, басқаша өрбігенін айтты.
– Исмаға келетін болсақ, ол дәл қазір бабында. Кез келген ойынға ойланбастан қосатындай деңгейге таяп қалды. Оның бет алысы, еңбексүйгіштігі, ізденімпаздығы маған ұнайды. Дәл осы қарқыннан ажырап қалмау керек. Жетістік жолы оңай болмайтындығы белгілі. Ал қарымта ойында Исманың ойнайтындығы, болмаса тыс қалатындығын дәл қазір нақты айта алмаймын. Бүгінгі ойынды талдауымыз керек, сырт алаңдағы қысымды да ескеру қажетпіз. Ал өз кезегінде Исма біз қалаған ойынды көрсетіп жатыр. Командаға нәтиже алып келетін кез келген ойыншы бағалы, – деді ойыннан кейін «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин.
Футбол мамандарының оң пікіріне ие болып, үміт күттіргендердің тізіміне енген Исмаил Бекболат 2008 жылдың қаңтарында Алматыда дүниеге келген. «Қайрат» футбол клубында 2023 жылдан бері ойнайды. Осы аралықта талай көзге түсіп, өзіне бар назарды аудартты. Франциялық скуат Альфред Лаланде былтыр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Дастан Сәтпаев «Челсиға» ауысатын болса, оның орнын басатын негізгі ойыншы – Исмаил Бекболат. Бұл қазақстандықтардың жаңа жауһары», – деп жазды. Болжам ретімен орындалып келе жатыр. Өйткені Исмаил Бекболаттың кейінгі ойындардағы статистикасы сүйсінтеді.
Көптеген жастың танылуына ықпал жасаған «Freedom QJ League» жобасы өз нәтижесін беруде. Исмаил былтырғы маусымда «Қайрат 2008» командасымен чемпион атанды. Ол 2024 жылы 19 ойынға қатысып 16 гол салып, 7 пас берсе, былтыр 1 кездесуде 1 гол салды. Екі жыл қатарынан турнирдің кубогын төбеге көтерді. Ал Исмаил былтыр «Қайраттың» негізгі құрамына қабылданып (8 ойынға шықты), ел чемпионатында жеңіске жетіп, Қазақстан суперкубогын алды. Оң қапталдағы шабуылдаушы ойыншы биыл екі лигада қатар ойнап жатыр. Бірінші лигадағы «Қайрат Жастары» сапында 10 кездесуде 8 гол салса, Премьер-лигада 5 матчта 1 гол салып, 3 асисст жасады. Чемпиондар лигасында 1 матчта 2 пас берді.
Исмаил Бекболаттың есімі өткен маусымда жиі айтылды. Әсіресе, жастар арасындағы Чемпиондар лигасында «Реалдың» (1:3) қақпасына гол салған сәттен кейін, мамандар назарына ілікті. «Қайрат Жастары» сапында алғаш бірінші лигада 2024 жылдың 19 қыркүйегінде «Каспийге» (2:4) қарсы ойында 46-шы минутта Мансұр Бірқұрмановты ауыстырып шықты. Ал Премьр-лигада 2025 жылдың 2 наурызында «Астанамен (1:1) болған ойында 76-шы минутта Гиорги Заряның орнына ойынға қосылды. «Қайраттың» нәтижелі жас ойыншысы Ұлттық құрамаға кандидат. Жастар арасындағы құраманың көшбасшысы. Исмаил 17 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан ұлттық құрамасына 2024 жылы қабылданып, сол жылы қазанда Косова қақпасына алғашқы голын салды. Одан кейін 19 жасқа дейінгілер арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарындағы іс- әрекеті талайды тәнті етті. Сербия құрамасына дубль (3:1 жеңді) жасаған Исмаилды серб басылымдары «болашақ жұлдыз» деп атап өтті. Әйгілі transfermarkt сайты жас ойыншыны 200 мың еуроға бағалаған. Бұл баға өсетіндігі сөзсіз.
Бүгінде Исмаил Бекболат турасында жиі айтылып, жазылып жүр. Дастан Сәтпаевтың ізін ала Еуропаға баруды қалайды. Ол жөнінде өзі: «Дастанмен үнемі байланыстамын. Ол Англиядағы қызықтарын айтып, жаттығудағы ерекшеліктерімен бөліседі. Бізге бағыт-бағдар көрсетіп, ақылын айтады. Біз де Дастанның соңынан Еуропаға барғымыз келеді. Ол үшін аянып қалмаймыз. Жолбасшымыз – Дастан», – дейді.
Жоғарыда есімдерін атап өткен талантты жастардың болашақта Еуропадағы танымал клубтарда ойнап, ел абыройын асқақтататынына сенім мол. Талантты шоғырдың бүгінгі беталысы жақсы. Өз командасының лидеріне айналып келе жатқан көкқанаттарды бақылауда ұстап, назардан тыс қалдырмаған агенттер бүгінде талай командаға ұсынып үлгерді. Олардың да көзқарасы жақсы. Дәл осындай дарындылардың шебер ойыншыға айналып, елімізді Әлем кубогына алып баратындығына сенейік.
Серік ҚАНТАЙ





