Қазақтың көпті көргеннен ақыл сұрап, бағыт-бағдар айқындайтыны ежелден. Осы тұрғыда ақсақалдың батасын алып, құрмет көрсетіп, төрге оздырып жатады. Облысымыздағы спортты дамыту бағытында аянбай еңбек етіп, абырой қалыптастырған бір топ спорт ардагерлерімен кездесу өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жүргізді.
Әуелі бүгінгі облыс спортындағы жетістіктер жөнінде дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Дуанаев баяндама жасады.
– Инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2022-2025 жылдары 39 спорттық нысан қолданысқа беріліп, оның ішінде 3 нысан күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта облысымызда 4 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын халық саны 43,5 пайызды құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға өсті. Қазіргі таңда спорттың 17 түрі бойынша 37 өнім беруші тіркеліп, 160 спорт үйірмесі жұмыс істеуде. Жалпы 6183 бала қамтылған. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында жыл басынан бері өңірде 2 685 іс-шара өтті, – деді Еркебұлан Жақанұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы:
– Өңір спортының қалыптасуына, дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық. Бүгінгі жиындағы негізгі мақсатымыз – спорт ардагерлері мен спорт мекемелері арасындағы өзара байланысты нығайтып, тәжірибе алмасудың тиімді жүйесін қалыптастыру. Осыған орай, алдағы Азия және Олимпиада ойындарына облыс спортшыларын сапалы даярлау, олардың спорттық шеберлігін жетілдіру және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өз тәжірибелеріңізбен бөлісіп, әдістемелік әрі практикалық қолдау көрсетуге шақырамын. Осы мақсатта спорт ардагерлерінің басын біріктіріп, олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру үшін «Қазақстандық спорт ардагерлері Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалы құрылып, өз қызметін жүзеге асыруда, – деп жиналғандарға ұсыныс білдірді.
Жиналғандар арасынан сөз алған Құрметті спорт ардагері Тұратбек Чарапиев әр кез облыс спортын қолдауға дайын екенін айтты. Басқосуға арнайы келген білікті мамандардың түгелі дерлік көмектесуге әзір.
Бұл жиынның басы ғана. Келешекте спорт ардагерлерінің қатысуымен түрлі шара өтіп, онда білікті мамандар өз білген-түйгенімен бөлісетін болады.
Серік ҚАНТАЙ





