Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы бел ортасынан асты. Екінші айналым басталып, командалар жазғы ауыс-түйіске кірісіп, қатарына қажетті ойыншыларды қосты. «Жетісу» бұл трансферлік кезеңнен ФИФА ережесін бұзғаны үшін тыс қалды.
Барымен базар болған талдықорғандықтардың турнирлік кестедегі жағдайы төмендеп барады. Тіпті, өз алаңында «Алтайдан» жеңілді.
Ел чемпионатының 17-ші турында Талдықорғандағы Орталық алаңда «Алтайды» (Шығыс Қазақстан облысы) қабылдаған «Жетісу», 0:1 есебімен ұтылды. Ойындағы жалғыз голдың авторы – Ибрагим Дадаев. Ол 6-шы минутта пенальтиден салды. Айып алаңның ішінде допты тысқа теуіп тастамақ болған Асхат Балтабековтің қолына доп тиді. Бұл іс-әрекетті қайталап қарап шыққан (VAR) бас төреші Данияр Сахи бірден «Жетісу» қақпасына он бір метрлік айып добын белгіледі.
«Жетісу» ойын барысында үстемдік көрсеткенімен, «Алтайдың» қақпасына гол сала алмады. Допқа иелік ету бойынша алда болғанымен талдықорғандықтар (65 пайыз – 35 пайыз). Кездесу барысында бұрыштан допты 10 мәрте көтерсе, өскемендіктер тек 1 рет ие болды.
– Есе жібердік. Біз 1-ші минуттан бастап сылбыр қимылдадық. Динамика жетпеді. Тез гол өткізіп алғанымыз жігіттерге әсер етті-ау деймін, ойынға ойлағанымыздай кірісіп кетпеді. Допқа иелікті біз жасағанымызбен, жөнді шабуыл ұйымдастыра алмадық. Менің ойымша, бұл біздің маусымдағы сапасыз ойынымыз болды. Жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Жеңілісті өз мойыныма аламын. Біздің тараптан қателік кеткен болар. Еңсе түсірмейміз, келесі ойынға дайындаламыз, – деді ойыннан кейін «Жетісу» футбол клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов.
«Жетісудың» «Тобыл», «Атырау» және «Қайсармен» ұпайы тең (18 ұпай). Төрт команда 9-12-орындарда тұр. Алдарында «Жеңіс» (21 ұпай), іздерін қуып «Каспий» (17 ұпай) келеді. «Жетісу» келесі ойынын Көкшетауда биылғы чемпионатта дүмпу жасап жатқан (турнирлік кестеде 27 ұпаймен 4-орында) «Оқжетпеспен» ойнайды.
Серік Қантаев





