Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақ шеберлері ел қоржынына алғашқы алтын медальдарды салды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғырту мен халықаралық деңгейде насихаттау – бабалар аманаты әрі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Ат үстіндегі сайыстар көшпелі халықтардың әскери-жауынгерлік өнерін, батырлығы мен ептілігін айшықтайды. Аударыспақ сияқты дәстүрлі ойындар тек спорттық бәсеке емес, сонымен бірге бауырлас халықтар арасындағы мәдени байланыс пен достық қарым-қатынасты нығайтатын бірегей алаңға айналды.
Қырғыз елінде өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ спортшылары аударыспақтан (эр эңиш) жоғары шеберлік көрсетті. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрталап Керім финалдық белдесуде алаң иесі – Қырғызстан балуанынан басым түсіп, турнир чемпионы атанды. Ал 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайлау Мұхаммеджан да шешуші кездесуде қырғыз спортшысымен тартысты белдесу өткізіп, 2-1 есебімен тарихи жеңіске жетті. Бұл – еліміздің құрамасы үшін дүбірлі додадағы алғашқы жүлделер.
Аударыспақ – шабандоздан ерекше күш пен төзімділікті, шапшаңдық пен сұңқардай сергектікті талап ететін қазақтың байырғы спорты. Соңғы жылдары елімізде бұл бағытқа баса назар аударылып, бұқаралық сипат алып келеді. Қазіргі таңда республика бойынша 11-12 мыңнан астам адам аударыспақпен тұрақты түрде шұғылданады. Бапкерлер мен мамандардың айтуынша, Жетісу мен өзге де өңірлерде ат спорты мектептерінің инфрақұрылымы жаңарып, жастардың қызығушылығы артып келеді. Осындай нәтижелі дайындықтың арқасында ұлттық спортшыларымыз халықаралық аренада ел намысын биік ұстап жүр.





