Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден өтіп жатқан Әлем кубогінің шешуші кезеңінде қазақстандық спортшы Кристина Силаева жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орынға бір қадам жетпей қалды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Турнир бағдарламасы бойынша 500 метр қашықтықта сырғанаудан жүлделер мен маңызды рейтингілік ұпайлар сарапқа салынды. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, отандасымыз 37,67 секунд уақыт көрсеткішімен мәре сызығын қиып, жалпы есепте төртінші сатыға тұрақтады. Бұл – халықаралық деңгейдегі бәсекелестік өте жоғары жарыста айтарлықтай жақсы көрсеткіш.
Жарыс жолында польшалық Кая Земек-Ногаль 37,25 секунд нәтижесімен алтын алқаны иеленді. Күміс жүлде 37,61 секундта жеткен германиялық Софи Вармуттың еншісіне тисе, қола медаль нидерландтық Маррит Фледдерюсқа (37,62 секунд) бұйырды. Кристина мен үшінші орын иегерінің арасын небәрі 0,05 секунд қана бөліп тұр.
Кристина Силаеваның төртінші орын алуы – қазақстандық конькимен жүгіру мектебінің әлемдік деңгейде нық қадам басып келе жатқанының айқын дәлелі. Миллисекунд шешім қабылдайтын мұндай жылдам жарыстарда «төрттікке» ену спортшының физикалық және психологиялық дайындығы жоғары екенін аңғартады.
Сонымен қатар, осы додада Қазақстан құрамасының тағы бір мүшесі Надежда Морозова да сәтті өнер көрсетіп, үздік бестікке енгенін айта кеткен жөн. Бұл біздің құраманың келесі Олимпиада ойындарына дайындық циклінде дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді.





