Ұлан Батыр (Моңғолия) қаласында World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының бірінші күнінде шаршы алаңға шыққан қазақстандықтар жеңілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Азия чемпионатын Елдос Сайдалин жаттықтыратын қыздарымыз бастады. Алғаш болып шыққан Жазира Орақбаева (51 келі) бірінші кездесуінде жарақат алып, жарыс жолынан шықты. Қарсыласы Кум Бел Ан (Солтүстік Корея) ширек финалға жолдама алды.
Ал былтыр Азия чемпионатында жеңіске жеткен үш дүркін Қазақстан чемпионы (2019, 2020, 2022), Әлем чемпионы (2022) Элина Базарова (54 келі) 1/8 финалда үндістандық Прити Притиге 0:5 есебімен жол берді.
Ертеңгі сайыс күні қазақстандықтардан тек 60 келідегі Рима Волосенко шығады. Оның қарсыласы – Прия (Үндістан).
Қазақстан құрамасы Моңғолияда болып жатқан Азия чемпионатында жалпы 20 салмақ бойынша (10 салмақ ер, 10 салмақ қыздар) боксшы апарды. Екі боксшы жарыстың алғашқы күні қатардан шықты. Құрлық бәсекесі 30 наурызбен 10 сәуір аралғында болады.





