Құм үстінде шаңғы тебу спорты әлемде енді танылып, кең көлемде қолдауға ие болып келеді. Елімізге алғаш болып қазақ-француз әріптестігі арқылы танылып, ұйымдастырылып отыр. XCSS «Климат күте алмайды» жобасының негізін қалаушы және директоры Эстель Пейеннің ұйытқы болуымен Балқаш көлінің жағасында марафон өтті. Бұл спорттық жарыстың негізі – табиғатты аялау.
Неге Балқаш көлі? Ұйымдастырушы Эстель Пейен дәл осы аймақты жергілікті тұрғындар, ғаламтор арқылы танып-біліп, оның табиғаты өзекті екенін түсінген. Былтыр қыркүйекте Талдықорған қаласында кездесу өткізген Эстель Пейен Балқаш көлінің экологиялық жағдайы, таяздануы, жағасындағы қоқыстардың жиналмауы, жергілікті кәсіпкерлердің көл ресурстарын орынсыз пайдалануы секілді мәселелерге мән берген. Дәл осы мақсатқа жұртшылықтың назарын аудару үшін арнайы марафон өткізіп, оның жарнамасын жан-жақты жариялаған. Сахарадағы Марокко елінің елеп-ескергеніндей, Балқаш көлінің проблемаларына халықтың назарын аударуды спорт арқылы паш етпек. Бұл еліміздегі мүдделі қоғамдық ұйымдар тарапынан белсенді қолдауға ие болды.
– Бұл іс-шара климаттың өзгеруінің жаһандық мәселелеріне, әлемнің барлық қуаң аймақтарындағы жағдайға үңілу арқылы климаттың өзгеруіне шешімдер мен тұрақтылықты табу үшін ұрпақаралық, мәдениетаралық, халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған. XCSS «Климат күте алмайды» акциясының негізгі бағыты – халықаралық байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу, қоғамның назарын осы мәселеге аударту. Бұл іс-шара бастауын Сахара шөліндегі Марокко елінен алады. Осы спорттық іс-шарамен бүкіл ғаламшардағы ынтымақтастық пен экологиялық жауапкершілікті күшейтуді тілейміз! Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккендер үшін қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға мүмкіндік жасаймыз, – дейді жоба авторы Эстель Пейен.
Қолдаушылар құрамында мәнерлеп сырғанаудан Солт-Лейк Сити (2002) Олимпиадасының чемпионы, француз Гвандаль Пейзера және грэпплинг-реслинг бойынша әлем чемпионы Джихенне Абделлила, БҰҰ библиографиялық ресурстарының офицері Жозефин Пине бар. Олар да марафонға қатысып, дәл осы іс-шараны жұртпен бірге қолдады. Құм үстінде шаңғы тебу қызық әрі қиын. Оған ерекше ерік-жігер, күш-қайрат қажет. Марафоннан сүрінбей келгендер арнайы сый-сияпатқа ие болды.
– Қазақ халқының салт-дәстүрімен танысу, мәдениетін дәріптеу, көрнекті жерлерін әлемге таныту біз үшін қызықты болмақ. Экологияны қорғайтын еріктілердің басын қосу, әріптестік байланыс орнату және проблемаларды шешу жолын бірге талқылау – басты мақсатымыз, – дейді ҚХА Франциядағы Достық елшісі Малгожата Туар.
Екі күндік іс-шара кезінде «Іскер әйелдер» қауымдастығы және басқа да қоғамдық бірлестіктердің атсалысуымен экология тақырыбына арналған көрме, шағын форум мен конференция өтті.
С. ҚАЛИАСҚАР





