Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы Алматының Орталық алаңында Норвегиямен тең ойнап, Ұлттар лигасының «В» санатындағы бірінші матчында алғашқы ұпайын алды. Тең тарқасқан қос ұжымда да есеп ашатын мүмкіндіктер болған.
Алматы жұрты Ұлттық құраманың ойындарын сағынса керек, алаңда ине шаншар орын болмады. Ішке кіре алмай тыста қалып қойғандар да көп болды. Әлем футболының бүгінгі үздіктері Эрлинг Холланд («Манчестер Сити» Англия) пен Матрин Эдегор («Арсенал» Англия) бастаған Норвегия футболшылары ойын басталғанда-ақ допты өз иелектеріне алып, Игорь Щаский қорғаған қақпаның кілтін тауып көруге тырысқан. Алайда Марат Быстров, Әлібек Қасым, Александр Марочкин, Нұрәлі Әліп, Ян Вороговский сынды қорғаушылар сауатты ойнап, үздіктерге артық қимыл жасатпады. Ойын есебі – 0:0.
— Әрине, бүгінгі ойында жеңеміз деп шықтық. Жеңуіміз керек еді, өте өкінішті. Біз жақсы ойнадық, гол жібермедік, алайда өзімізде гол сала алмадық. Біз бұл мәселені осы жерде шешуіміз керек еді. Өкінішті, — деді ойын соңында Норвегияның капитаны Мартин Эдегор. Ал Қазақстан ұлттық құрамасының тарихындағы үздік сұрмерген Бақтияр Зайнутдинов «Жалпы кез келген істің басын қалай бастасаң, солай аяқталады. Ұлттар лигасының алғашқы ойынында жаһан жақсы танитын ойыншылары бар мықты ұжымнан ұпай алдық. Атмосфера керемет. Жеке өзіме тоқталатын болсам, 3-4 ай ойнамағаннан кейін футболды сағыныппын. Бүгін сағынышты бастым» ,- деді.
Матчтың үздік ойыншысы Марат Быстров болды. Қазақстан құрамасы келесі ойынын Любляна қаласындағы «Стожице» алаңында Словенияға қарсы (9 қыркүйек) өткізеді.
Серік ҚАНТАЙ





