Биатлоннан 2025-2026 жылғы маусымдағы Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Милан–2026 қысқы Олимпиадасына 4 квота иеленді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) рейтингіне сәйкес, Италияда өтетін ақ Олимпиадада еліміздің намысын 2 ер және 2 әйел спортшы қорғайтын болады. Айта кетерлік жайт, бұл лицензиялар жекелей спортшыларға емес, Ұлттық федерацияға берілді. Демек, Милан мен Кортина-д’Ампеццо жолдарында кімдердің сынға түсетінін жақын арада Қазақстан құрамасының бапкерлер кеңесі анықтайды.
Қазіргі уақытта еліміздің спортшылары қысқы спорттың бірнеше түрі бойынша іріктеуден сәтті өтіп жатыр. Бүгінгі таңда лицензиялар келесідей бөлінді:
-
Конькимен жүгіру спорты (12 лицензия): Бұл бағытта Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова және Арина Ильященко сияқты тәжірибелі спортшыларымыз бар.
-
Шорт-трек (9 лицензия): Мұнда Абзал Әжғалиев бастаған топ пен Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан сынды майталмандар бақ сынайды.
-
Мәнерлеп сырғанау (2 лицензия): Еліміздің атынан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина өнер көрсетеді.
Жалпы, Олимпиадаға қатысты жолдамалардың түпкілікті саны мен спортшылар тізімі қаңтар айының соңында толықтай нақтыланбақ.
XXV қысқы Олимпиада ойындары Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Бұл дүбірлі додаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыс бағдарламасында спорттың 8 түрінен 116 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Биатлон – қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше үміт күттіретін спорт түрінің бірі. 4 жолдаманың берілуі – біздің мерген шаңғышыларымыздың халықаралық аренадағы тұрақтылығының көрінісі. Ендігі кезекте бапкерлердің таңдауы мен спортшылардың Олимпиадаға дайындығы шешуші рөл атқарады.





