Астанада волейболдан әйелдер командалары арасында ел чемпионатының шешуші кезеңі өтіп жатыр. Былтырғы маусымның жеңімпазы «Жетісу» волейбол клубы алғашқы ойынында жеңіске жетті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жартылай финалдың бірінші ойынында (екі жеңіске дейін) «Жетісу» «Тұран» командасынан 3:0 (25:17, 25:14, 25:8) есебімен басым түсті. Ертең «Тұранмен» (Түркістан облысы) екінші рет жолығады. Егер «Жетісу» екінші жеңісіне жететін болса, онда тікелей финалға жолдама алады. Ал түркістандықтар басым түссе, онда үшінші күн ойнайды.
– Алғашқы ойында жеңіске жеткеніміз үшін қуаныштымыз. Ойын ойдағыдай өтті. Бапкердің тапсырмасын толық орындадық. Осы қарқынмен ары қарай жалғастырып, өз жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді, – дейді «Жетісу» волейбол клубының ойыншысы Перизат Нұрбергенова.
Ал командандың бас бапкері Марко Гршич:
– Әрине, Астана қаласындағы осындай үлкен кешенде волейболдың өтіп жатқандығы қуантады. Бұған біздің волейбол лайықты деп ойлаймын. Бірінші күнгі жеңіспен босаңсымаймыз, ертеңгі күнге дайындаламыз, – деді.
Өкінішке қарай, «Жетісу» волейбол клубының капитаны Кристина Аниконова жарақатына байланысты плей-офф кезеңіне қатыспайды. Ал орталық тосқауыл қоюшы Ольга Хаджиогло маусым басында жарақат алып, барлық турдан тыс қалған болатын. «Тұранмен» болған ойында маусымдағы алғашқы ойынын өткізді. Алаңға шыға сала, эйс жасап, нәтижелі ойын көрсетті.
Жартылай финалдың екінші жұбында «Қуаныш» (Солтүстік Қазақстан облысы) «Берелден» (Шығыс Қазақстан облысы) 3:2 нәтижесімен жеңді. Ертең «Барыс Арнада» жартылай финалдың екінші ойындары өтеді.





