Футболдан ел чемпионаты бір күннен кейін басталады. Командалар толық сақадай сай деп айта алмаймыз. Көп команда өз қалаларынан жырақта ойнап, алаңы бар клбутардың есігін сығалап жүр. Бұл тізімде «Жетісу» да бар. Ол өз ойындарын Алматыдағы «Хан Тәңірі» алаңында өткізеді. «Жетісу» демекші, чемпионаттың басталар тұсында логотипке өзгеріс енгізіп, онысы жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырады.
Осыған дейін «Jetisy FK» болып келген атау 5 наурыздан бастап ресми «FC Zhetysu» болып ауысты. Клуб тек логотиптегі жазудың ауысқанын айтып, «Жаңартылған атау клубтың барлық ресми алаңдарында қолданылатын болады. Клубтың тарихы, дәстүрі мен құндылықтары өзгеріссіз қалады» деп жазған. Ал не үшін, қалай, кім ауыстырғанын ашып жазбаған.
Ал клубтың Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланған жазбаның, одан бөлек танымал goalkz_official парақшасындағы өзгеріс жөніндегі постың астына жанкүйерлер өз наразылықтарын білдіріп жатыр. Мәселен, «Тобол» қазақша «Тобыл» болған кезде, сендердің Жетісуді ЖетЫсу қылғандарың қай сасқандарың?», «Қай ақылды ғұлама пәрмен берді екен ?», «ЖетЫсу?? Бастарың істей ме?», «Дым жақсы қазақ латын әрпімен дұрыс жазылып тұр еді неге құрттыңдар?» деген жанкүйерлердің сөздері бар. Фанаттардың бұл жанашырлығын Марк Гурман бастаған клуб басшылығы назарға алады деген оайдамыз. Осыдан бір ай бұрын «Қайсар» футбол клубы да логотипке өзгерістер енгізіп, онысын жанкүйерлер қолдамағандықтан ескісіне қайта оралған болатын. «Жетісудан» бізде осындай қадам күтеміз.
Комментатор Есей Жеңісұлы:
– Ағылшынша деп орысша контексте беріп тұр. Орыстар «Джетыйсу» дейді, содан шыға алмай тұрсыздар. Ағылшындарға, керісінше, жіңішке «и» болғаны ыңғайлы, ол тілде ешқашан «ый» деп оқылмайды. «Жетису» дей салады олар. Екпінді алғашқы буынға түсіреді. Қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған өңірдің командасына орысша екпін теліп, қазақтілді азаматтардың намысына тиіп отырсыздар. Алдымен орысша ойлап алып, оны ағылшын тілінің жоқ заңдылығымен бүркегендеріңіз қай сасқандарыңыз? «Тобол» «Тобыл» болды деп қуана бастап едік, сіздердікі тіпті ұят болды, – ашынып айтты.
Қайрат Нұрдәулетов бапкер болып қайта келгеннен кейін былтыр өзге клубтарға ауысып кеткен жетісулықтар оралды. Бұл тізімде ел чемпионатындағы титулды ойыншылардың бірі Серікжан Мұжықов (биыл капитан есебінде ойнайды), «Жеңістен» Асхат Балтабеков, одан өзге Рафкат Аслан, Рауан Орынбасар сынды талдықорғандық футболшылар қатарға қосылды. «Жетісудың» жастар құрамасынан да екі-үш ойыншыны тізімге алды.
«Жетісу» футбол клубы жаңа маусымның бірінші ойынын сырт алаңда 8 наурызда (18:00) «Астанамен» өткізеді.
Серік ҚАНТАЙ




