Болгарияның атақты ЦСКА София футбол клубы Қазақстан құрамасы мен алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбековті өз қатарына қосуды көздеп отыр, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы KazFootball.kz сайтына сілтеме жасап.
22 жастағы Анарбеков биылғы маусымда Премьер-лигада жарқырап, «Селтикке» қарсы кездесуде ерекше өнер көрсетті. Ол «Қайраттың» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алуына үлкен үлес қосқан.
Темірлан – «Атырау» академиясының түлегі. Кейін «Қайратқа» ауысып, бір маусым «Жеңіс» клубында жалға ойнаған. Қазір ол негізгі құрамдағы сенімді қақпашылардың бірі саналады.
Биылғы маусымдағы оның үздік ойындарының бірі – Кипрдің «Пафосына» қарсы матч (0:0), онда ол бес қауіпті соққыны қайтарып, қақпасын құрғақ ұстаған.
Болгарияның ЦСКА София клубы – ел тарихындағы ең табысты командалардың бірі. Клубтың қоржынында 31 чемпиондық және 21 ел Кубогы бар. Қазір команда ұлттық біріншілікте жетінші орында тұр.





