Бүгінде жаһан жұрты Елена Рыбакинаны өте жақсы біледі. Оның корттағы салқынқандылығы көпке үлгі, ал ойыны талайды сүйсінтті. Дәл қазір елімізде теннис үйірмесіне жазылып, ойынға келушілер көбейді. Бұған Әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакинаның ықпалы зор. Әсіресе, «Уимблдон 2022» турниріндегі жеңісі талай қазақстандықтың бойына сілкініс жасағандығы анық.
«Шыны керек, Қазақстан болмағанда менің дәл қазір қайда, немен айналысып жүретіндігім белгісіз. Маған Қазақстан теннисті кәсіби тұрғыда ойнап, өзімді шыңдауыма барынша жағдай жасап берді. Дәл қазір Қазақстан үшін теннис енді дамып келе жатқан спорттың санатында. Мүмкін мен дәл осы қағиданы бұзу үшін, осы елде теннистің дамуына үлес қосу үшін келген адам шығармын. Жанкүйерлер арасынан көк ту жамылғандарды көрсем жақынымды көргендей боламын. Олардың қолдауын әркез жақсы сезінемін»,-деп айтып еді өзінің бір сұхбатында Қазақстанның бірінші ракеткасы.
Елена Рыбакина 1999 жылы маусымда Мәскеу (Ресей) қаласында дүниеге келген. Қазақстан құжатын 2018 жылы алды. Ол кезде Рыбакина WTA рейтингісінде 191 орында тұрды. Одан кейін 2020 жылы әлемнің үздік 20 теннисшісінің санатына қосылды. Бүгінде жаһанның үшінші ракеткасы. Алдында Арина Соболенко (Беларусь), Ига Швентек (Польша) тұр.
Рыбакина «Уимблдон 2022» турнирінде жеңіске жеткенде сұрақтың астына алған тілшілерге қысқа ғана: «Мен қайда дүниеге келетінімді таңдамадым ғой. Ал Қазақстан өз кезегінде маған құшағын ашты, мол мүмкіндік сыйлады. Сондықтанда әр жанкүйердің сенімін ақтауға тырысамын»,-деп еді. (tennisworldusa.org).
Қазақстанның бірінші ракеткасы 2026 жылғы Australian Open турнирінде чемпион атанып, мансабындағы екінші «Үлкен дулыға» титулын жеңіп алды. Мельбурндегі «Rod Laver Arena» кортында өткен финалда қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы беларус Арина Соболенкомен үш сетке созылған тартысты кездесу өткізді. Ойын 2 сағат 34 минутқа созылып, Рыбакинаның пайдасына 6:4, 4:6, 6:4 есебімен аяқталды.
Британиялық экс-теннисші Анннабель Крофт BBC Radio 5 эфирінде «Рыбакина бабында болса, жарақатсыз ойнаса, вирус жұқтырып алмаса, жеңілмейтін ойыншы. Соққылары таза, тіпті дыбысы да бөлек. Соққыларын төмен әрі көлденеңнен ұру ғажап. Допты корттағы сызықтарға да дәл түсіре алады. Доп асырулары да таң қалдырады. Рыбакина әйелдер теннисінде доп асырудан ең мықты теннисші деп санаймын»,- деді.
-Қай жарыста болсын үлкен қолдауды көремін. Қазақстанның туын ұстап, саған барынша болысып тұрады. Әсіресе, алғашқы қатысқан Олимпиадамда (Токио 2020) әр кезең сайын қатты сезіндім. Ал сондай қолдауды көрген сенің барыңыд саларың анық, -деді өз сөзінде Елена Рыбакина.
Қазақстанның атын теннис әлемінде жоғары көтеріп жүрген Еленаның алар асуы әлі алда. Мықтылардың бәрін ұтқан Рыбакинаның ізінен ергендер келешекте ірі турнирлерде топжаратындығына үмітпен қараймыз.
Серік ҚАНТАЙ




