Өскеменде өтіп жатқан волейболдан әйелдер командалары арасындағы Қазақстан кубогында «Жетісу» «А» тобындағы ойындарын толық аяқтады. «Жетісу» – топтық кезеңде ұпайдан шашау шығармай, қарсыласына бір сет жеңілмеген жалғыз команда.
Әуелі қызылорданың «Қайсар» командасымен ойнаған «Жетісу» (3:0 – 25:6, 25:13, 25:9) сенімді жеңіске жетіп, екінші ойында түркістанның «Тұран» командасынан (3:0 – 25:21, 25:15, 25:17) басым түсті. Топтағы соңғы ойынын «Қарағандыға» қарсы өткізіп, 3:0 (25:9, 25:15, 25:18) нәтижесімен ұтты.
– Топтық кезеңдегі ойындарды ойдағыдай аяқтадық. Әрине, ұзақ жолдан кейін (ред.Бразилияда өткен клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатысты) араға бір апта салып Қазақстан кубогында ойнап жатқанымыз салыстырмалы түрде қиын. Дегенмен барымызды саламыз, командадағы арнайы мамандар тез қалыптасып, қатарға қосылуымызға жұмыс істеп жатыр. Ал топтық кезеңдегі әр ойынға тыңғылықты дайындалдық, содан нәтиже шығардық. Енді бізді маңызды кезедсулер күтіп тұр, – дейді «Жетісу» волейбол клубының ойыншысы Валерия Якутина.
«Жетісудың» қарсыласы әлі анықталмады. «Б» тобындағы ойындар аяқталғаннан кейін белгілі болады. Ертең жарыстың демалыс күні. Одан кейін ширек финалдың ойындары басталады.





