Өскемен қаласында волейболдан әйелдер командасы арасында Қазақстан кубогының ойындары басталды.
Өткен жылғы турнир жеңімпазы «Жетісу» командасы «А» тобындағы алғашқы ойынында Қызылорда облысының «Қайсар» клубымен кездесіп, 3:0 (25:6, 25:13, 25:9) есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Ойыннан кейін «Жетісу» командасының бас бапкері Марко Гршич қарсылас жастарының қайсарлық танытқанын, алайда өз командасының ойыншылары алаңда сауатты әрі сенімді ойын көрсеткенін атап өтті.
– Ойын басынан-ақ қарсыластың айтарлықтай қарсылық көрсете алмайтыны байқалды. «Қайсардың» жас ойыншылары әр доп үшін күресіп, ұпай алуға тырысты. Ал біздің ойыншылар өз деңгейін көрсетті. Алға қойған мақсатымыз айқын, – деді бас бапкер.
Алдағы ойындар кестесі:
-
24 желтоқсан, 13:30 – «Жетісу» — «Тұран» (Түркістан облысы);
-
25 желтоқсан, 13:30 – «Жетісу» — «Қарағанды»;
-
26 желтоқсан – демалыс күні;
-
27 желтоқсан – ширек финал;
-
28 желтоқсан – жартылай финал;
-
29 желтоқсан – финал.
Айта кетейік, турнир ойындары «QazSport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Аталған кездесудің үздік ойыншысы атанған Татьяна Никтина 14 ұпай жинады. Оның еншісінде 3 эйс, 8 шабуыл және 3 тосқауыл бар. Сонымен қатар Ирина Кенжебаева 11 ұпаймен (1 эйс, 9 шабуыл, 1 тосқауыл) көзге түсті.
Серік ҚАНТАЙ





