Италияда өткен 25-ші қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан сынға түскен 19 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина мансабындағы үздік нәтижені көрсетіп (қысқа бағдарлама – 68,47 ұпай, еркін бағдарлама – 138.99 ұпай, жалпы – 207.46 ұпаймен 10-орын алды), жалпы үздік 10 спортшының қатарына кірді. Бұл Софьяның жеке рекорды. Жас спортшыдан әлі де жүлде күтеміз, оған өзі де ниетті.
Софья 2007 жылдың 18 ақпанында Мәскеуде (Ресей) дүниеге келген. Алғашқы бапкері – Лилия Биктагирова (6 жыл жаттықтырды). Одан кейін 2016 жылдан бастап Сергей Давыдовтың нұсқауын 6 жыл алды. Мәнерлеп сырғанаудағы бапкерлер тізімінде Евгений Плющенко, Светлана Соколовская, Эльмира Турганова және Александра Кравцова бар. Бүгінде белгілі бапкер Рафаэль Арутюнянның қарамағында.
БАҚ 2023 жылдың тамызында Софьяның Қазақстан азаматтығын алатындығын жарыса жазды. Ал 2024 жылдың мамырында Софьяның Қазақстанға ауысу жөніндегі шешімі нәтиже беріп, рұқсат алды. Сол жылы тамызда Қазақстан ұлттық құрамасына қосылды. Ал желтоқсанда Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті.
– 2023 жылы өмірімнің жаңа парағы ашылды. Мен анам дүниеге келген ел – Қазақстанның атынан жарысқа қатысатын болдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Сол үшінде мол сенім артып, үміт сыйлаған Қазақстанға алғыс айтамын. Қазақстан маған халықаралық жарысқа қатысуға жол ашты, – деді өз сұхбаттарының бірінде.
Софьяның есімі алғаш 2020 жылы жастар арасындағы Ресей чемпионатында аталды. Одан кейін жастар арасында Ресей кубогындағы (2020 жыл) жеңісінен кейін аты жиі айтылып, болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардың санатына қосылды. Софья алғаш халықаралық жарысқа 2021 жылы қатысты. Красноярск қаласында өткен жастар арасындағы Гран-приде бақ сынап, жалпы 202.39 ұпай жинап 3-орын алды. Одан кейін ересектер арасындағы үздік нәтижесі 2022 жылы Денис Тен мемориалында 1-орын, ал Ресей чемпионатында 4-орын, Ресей Гран-приінің 5-кезеңіндегі 1-орын алған сәті. Ал Қазақстан құрамасына ауысқаннан кейін Бүкіләлемдік студенттер ойынында қола мдель алғаны (2025 жыл), Азия ойындарындағы 4-орыны, Әлем чемпионатында 14-орыны және Олимпиада ойындарындағы 10-орыны оның жарқын сәті. Төрт жылдықтың басты бәсекесінен кейін Софья:
– Қолдауларыңызды қатты сезіндім. Олимпиадасының аурасын сезініп, өз өнерімді мүлтіксіз орындағаныма қуаныштымын. Келешекте Қазақстанға алтын алып келемін деген үміттемін, – деп үндеу жолдады.
Енді Софья наурыздың соңында Чехия астанасы Прагада болатын Әлем чемпионатына қатысады.
«Жібек жолы» арнасында қысқы Олимпиада ойындарында комментатор болған Шамкен Байырбек:
– Софья өз бағдарламасын барынша жинақы орындап шықты. Қысқа және еркін бағдарламада айтарлықтай қателік жіберген жоқ. Иә, Софьяда әзірге ультра-си элементтер жоқ, сондықтанда өз бағдарламасын таза орындағанымен, үздіктер тізіміне енбеді. Төрешілердің шамалы ұпайын азайтқан тұстары болды. Әсіресе, еркін бағдарламада. Болашағына зор сеніммен қараймыз, – деді.
Серік ҚАНТАЙ





