Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар жүлделі орындардан көрініп, ел қоржынын жаңа медальдармен толықтыруда. Бүгін джиу-джитсудан Мерей Қабдуллаев күміс, Мариан Журавлева қола жүлдеге ие болды. Осылайша, Қазақстан құрамасының аталған спорт түрінен жеңіп алған медальдарының саны беске жетті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жарыс Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр. Азияның 45 елінен келген спортшылар қатысатын додада 460 медаль жиынтығы сарапқа салынуда. Қазақстан атынан 35 спорт түрінен 558 спортшы бақ сынап жатыр.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мерей Қабдуллаев финалға дейін үш қарсыласын жеңген. Ол алдымен моңғолиялық Батбайар Батсухты, кейін иорданиялық Осама Набасты және қырғызстандық Абдурахман Муртазалиевті жарыс жолынан шығарды. Алтын медаль үшін өткен шешуші кездесуде отандасымыз Сауд Арабиясының өкілі Абдуллах Тариг Надамен белдесті. Нәтижесінде қарсыласына 0:7 есебімен есе жіберіп, Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Сондай-ақ 63 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Мариан Журавлева қола медаль жеңіп алды. Ол үшінші орын үшін өткен белдесуде Иордания спортшысы Майя Ишакатты 2:0 есебімен жеңді.
Бұған дейін джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков 69 келіге дейінгі салмақта күміс медаль иеленген болатын. Ал Сейілхан Болатбек 77 келіге дейінгі және Жібек Құлымбетова 48 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде қола жүлдегер атанды.
Осы нәтижелер бойынша Қазақстан құрамасының джиу-джитсудан еншісінде екі күміс және үш қола медаль бар.
Азия ойындарының он үшінші жарыс күні ел құрамасы 13 жүлдеге қол жеткізді. Оның үшеуі алтын, екеуі күміс, сегізі қола медаль. Қазақстанның жалпы жүлде саны 77-ге жетіп, ұлттық құрама бейресми командалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.
Азия ойындарының соңғы күндерінде де спортшыларымыз бірнеше спорт түрінен сынға түсуде. Атап айтқанда, дзюдо, күрес, таеквондо, көркем гимнастика және су добынан жүлделер сарапқа салынады.





