Талдықорғанда 2011-2012 жылы дүниеге келген қыздар арасында волейболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты аяқталуға жақын. Финалға шыққандар белгілі. Өкінішке қарай, «Жетісу» волейбол клубының қыздары жартылай финалда «Атырау» командасынан 0:3 есебімен жеңілді.
— Қыздар соңғы ұпайға дейін барын салды. Сәл сәттілік жетпеді. Ал біздің тарапымыздан допты қабылдау, қорғаныс жағы сыр бергені болмаса, тартысты ойын көрсеттік. Енді үшінші орын үшін болатын кездесуде барымызда саламыз, — дейді «Жетісу» волейбол клубының ойыншысы Ульяна Кокина.
«Жетісудың» ойыншылары ертең (10 қаңтар) қола медаль үшін болатын ойында «Жаңаөзен» командасымен кездеседі. Ал финалда «Атырау» мен №5 Мамандандырылған кешенді балалар-жасөспірімдер спорттық-техникалық мектебінің (Алматы қаласы) қыздары ойнайды.
Серік ҚАНТАЙ





