Италияның Милан қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы қысқа бағдарлама аяқталды. Қазақстан намысын қорғап жатқан Михаил Шайдоров алғашқы кезеңді үздік бестіктің қатарында аяқтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров өзінің қысқа бағдарламасын сәтті орындап, төрешілерден 92,94 ұпай алды. Бұл нәтиже оған 29 қатысушының ішінен 5-орынға тұрақтауға мүмкіндік берді. Осылайша, отандасымыз шешуші кезеңге өтетін 24 спортшының тізіміне еніп, еркін бағдарламада бақ сынау құқығын иеленді.
Дегенмен, жүлделі орындар үшін тартыс өте шиеленісті болмақ. Қазіргі уақытта Михаил үшінші сатыда тұрған француз спортшысы Адам Сяо Хим Фадан 10 ұпайға жуық қалып келеді.
Қысқа бағдарламаның көшбасшылары:
-
Илья Малинин (АҚШ) – 108,16 ұпай;
-
Юма Кагияма (Жапония) – 103,07 ұпай;
-
Адам Сяо Хим Фа (Франция) – 102,55 ұпай;
-
Даниэль Грассль (Италия) – 93,46 ұпай;
-
Михаил Шайдоров (Қазақстан) – 92,94 ұпай.
Қазақстанның мәнерлеп сырғанау тарихында Олимпиада тұғырына көтерілген жалғыз спортшы – Денис Тен. Ол 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында қола жүлдегер атанған еді. 12 жылдан кейін Михаил Шайдоров бұл жетістікті қайталауға немесе жақсартуға жақын тұр. 10 ұпайлық айырмашылық көп көрінгенімен, мәнерлеп сырғанаудың еркін бағдарламасында күрделі секірістер мен техникалық элементтер арқылы бұл алшақтықты жоюға болады.
Ерлер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімдері анықталатын шешуші еркін бағдарлама 13 ақпан күні Астана уақытымен 21:00-де басталады. Бүкіл ел болып Михаилға сәттілік тілеп, оның тарихи жеңісін күтеміз.





