Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Ахмат» клубының шабуылшысы Максим Самородовтың голы Ресей премьер-лигасының қараша-желтоқсан айындағы ең үздік деп танылды.
Грозныйлық «Ахмат» клубының шабуылшысы Максим Самородовтың Ресей премьер-лигасының 16-туры аясында «Крылья Советов» қақпасына соққан голы чемпионаттың қараша-желтоқсан айының үздігі деп танылды. Футболдан Ресей біріншілігінің комментаторлары мен спорт сарапшыларының көпшілік дауысының арқасында Максим Самородов бұл жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ аталмыш жүлдеге Макстан бөлек Тео Бонгонда, Хуан Боселли, Луис Чавес, Доминик Ороз, Родриго Саравия және Игорь Лещук үміткер болған еді.
Айта кетейік, қазақстандық шабуылшы Максим Самородов биыл 6 тамызда «Ақтөебеден» ресейлік «Ахмат» клубына ауысқан болатын. Грозныйлық клубтың сапында Максим Самородов екі гол соқты.





