Рингте болмаса жаттығу залында көргенде қаһарына мініп, қарсыласын жайратып салуға шақ тұрған қыз, былай шыға бергенде әлем аруларындай сызылып, мың бұрала майысқанда еріксіз таңданасың. Осыншалықты нәзіктіктен соншалықты соққы күтпейсің. Бірақ, ол – Әлем чемпионы. Ал сұлулық байқауына қатысса, жеңіске жетеріне сенсеңіз болады. Ауылдан шыққан ару бүгінде өзі қалаған жетістіктерді сатылап бағындырып, ел білетін спортшыға айналды. Біздің кейіпкер – Балауса Мұздиман.
Балаусаның есімі жанкүйерлерге алғаш 2015 жылы Тайбэйде өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында белгілі болды. Оның алдында 2014 жылы Болгарияда өткен жаһан чемпионатына қатысып, финалда украиналық Ангелина Бондаренге есе жіберген еді. Сенсеңіз жас талант бұл жетістіктерге боксқа қатысып бастағанына бір жыл асқаннан кейін жетті.
Бокспен 13 жасынан бастап айналысқан Балауса 14 жасында жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанып, бір жылдан кейін Әлем чемпионатында атой салды. Бокс үйірмесіне жетелеп әкелген әкесі. Анасы о баста бұл таңдауына қарсы болғанымен, кейіннен қызының табысты өнер көрсетіп жатқанын көріп, тілеулес болды.
Жаттығу, жарыстарға қарамастан орта мектепті «Алтын белгіге» тамамдап, Алматыдағы Спорт және туризм академиясын ойдағыдай аяқтаған кейіпкеріміз әуесқой бокста ұзақ тұрақтамады. 19 жасында 2017 жылы қыркүйекте кәсіпқой боксқа қадам басып, АҚШ-тың Монро штатында төрт раундқа жоспарланған кездесуде Танасия Весті (АҚШ) бірінші раундта нокаутпен жеңген Балаусаның кәсіпқой боксты таңдауына әсер етіп, махаббатын ашқан кумирлері – Геннадий Головкин мен кіші Флойд Мейвезер. Олардың жекпе-жектерін көріп, жанкүйер болып жүріп-ақ өзі де кәсіпқой боксты таңдады.
Қазақ әр игі істің басын жақсылыққа жорып отырады. Балауса дебюттік кездесуін өткізер сәтте Лос-Анджелестегі Мейвезердің залында жаттығу жасады. Бүгінде 55 келіге дейінгі жеңіл салмақта Балауса 9 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті (7 нокаутпен).
Кейіпкеріміз былтыр үш кездесу өткізді. Биыл 28 жастағы боксшы жоспар бойынша екі-үш кездесу өткізгісі келеді. Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында болған соңғы жұдырықтасуда (2025 жыл, қыркүйек) үндістандық Мамта Сингхты нокаутпен жеңіп UBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Балаусаның спорттық мансабының басынан бүгінге дейін қасынан табылып, әр жетістігіне себепкер болған жеке жаттықтырушысы, 12 әлем чемпионын дайындаған Сағатбек Мұсаханов өз шәкіртінен күтері көп.
– Бүгінде әйелдер боксы қарқынды дамып, айрықша көңіл бөлініп келеді. Әр жекпе-жектен түсетін табысымды ашық айта алмасам да, әр кездесу сайын қомақты қаржы аламыз, – дейді сұхбаттарының бірінде Балауса. Нәзіктік пен қайсарлықты ұштастыра білген жан:
– Жаратылыс қой. Иә, мен рингтен тыс уақытта басқа қыздар сияқты боянып-сыланып, әңгіме айтып, еркін жүремін. Ал шаршы алаңда мен мүлдем басқамын. Ол жердегі міндет бөлек, – дейді.
Балаусаның асыл армандарының бірі Олимпиадаға қатысып ел намысын абыроймен қорғау еді. Алайда әр төрт жылдықтың басты додасының қарсаңында түрлі себептерге байланысты тыс қалып, әуесқой бокстан алшақтап кетті. Бүгінде кәсіпқой бокста Қазақстан туын көтеріп жүрген бұрымды қыз – әлі талай топтан қара үзіп шыққысы келеді.
– Елің сеніп тұрса, жанкүйерлерің қолдап тұрса, бапкерің, қасыңдағы аға-іні, әпке-сіңілілерің құрметтеп, демеп тұрса кері шегінуге еш қақың жоқ. Олардың үмітін ақтау үшін тек алға қадам басасың. Кәсіпқой бокста абсолютті чемпион болу, – дейді Балауса.
Былтыр жыл соңында жарақат алып, жоспарлаған кездесуі кейінге шегерілген болатын. Бұны өзі «уақытша кедергі» деп атап, толық жазылғаннан кейін жаттығуға кірісіп, денсаулығын қалпына келтіруге күш жұмсады. Балауса биыл жекпе-жек өткізгісі келетін боксшылар тізімін түзіп, есімін атады. Бұл қатарда абсолютті әлем чемпионы Черенка Джонсон, даниялық мықты Дина Торслунд бар. Кейіпкеріміздің тағы бір мақсаты – биыл АҚШ-та жекпе-жек өткізу.
Балауса Мұздиман – тек күштің емес, сұлулықтың да символы. Ол қазіргі таңда қазақ қыздарының әлемдік аренадағы жаңа бейнесіне айналды.
Серік ҚАНТАЙ





