АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан беделді WTA-1000 турнирінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жарыс жолын аяқтады. Жартылай финалдық кезеңде отандасымыз әлемдік рейтингтің көшбасшысы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесіп, жеңіліс тапты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Тартысқа толы өткен кездесу 1 сағат 19 минутқа созылды. Әлемнің екінші ракеткасы саналатын Елена Рыбакина қарсыласына лайықты қарсылық көрсеткенімен, Соболенко 6:3, 6:4 есебімен басым түсті. Осылайша, екі мықты теннисші арасындағы бәсекеде бұл жолы Беларусь спортшысының бағы жанды.
Екінші жартылай финалдық бәсекеде америкалық Кори Гауфф пен чехиялық Каролина Мухова шеберлік байқасты. Бұл ойында Гауфф қарсыласын 6:1, 6:1 есебімен ойсырата жеңіп, финалға жолдама алды. Енді 28 наурыз, сенбі күні өтетін шешуші матчта Арина Соболенко мен Кори Гауфф бас жүлдені сарапқа салады.
Майамидегі турнирдің ауқымы мен маңызы өте жоғары. Жарыстың жалпы жүлде қоры 18 831 450 долларды немесе шамамен 9 млрд 80 млн теңге көлемін құрайды. Жекелей сында топ жарған теннисші 1 151 380 доллар (555 млн теңгеден астам) сыйақыны иеленбек.
Спорт мамандарының пікірінше, Елена Рыбакинаның жартылай финалға дейін жетуі – үлкен жетістік. Турнир барысында ол жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсетіп, рейтингтегі орнын нығайта түсті. Енді отандасымыз келесі жарыстарға дайындық жүргізіп, қателіктермен жұмыс істейді. Қазақстандық жанкүйерлер үшін Елена әрқашан басты үміт пен мақтаныш болып қала бермек.
Биылғы маусымда теннисшілер арасындағы бәсекелестік өте жоғары. Еленаның алдағы турнирлерде де үздіктер қатарынан көрінетініне сеніміміз мол.





