2026 жылғы Италияда жалауын көтерген қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтатында Француз комментаторы Қазақстан құрамасының формасын келеке етті.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
France TV Direct телеарнасының тікелей эфиріндегі комментаторлар қазақстандық спортшыларды дәстүрлі қазақи нақыштағы киіммен көреміз деп күткендерін, алайда ұсынылған дизайнның тым қарапайым болғанын айтып, сынға алды.
“Көк түсті қазақтар. Біз оларды дәстүрлі киіммен көреміз деп ойлаған едік. Бәлкім, дайындалуға уақыттары болмаған шығар. Елена Рыбакинаның Australian Open турниріндегі жеңісін тойлап жатқан болар”, – деді тікелей эфир барысында репортёрлердің бірі әзілдеп.
Айта кетейік, ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-трекші Денис Никиша мен фристайл-могул шебері Аяулым Әмренова алып шықты. Қазақстан құрамасында 18 ер және 18 әйел спортшы бар. Еліміздің ең жас спортшысы – 16 жастағы Асан Асылхан (фристайл-акробатика), ал ең тәжірибелі спортшы – 33 жастағы шорт-трекші Абзал Әжіғалиев.
Төрт жылдықтың басты додасына Қазақстан атынан 10 спорт түрінен 36 спортшы бақ сынайды.
Айтулы додаға Қазақстан Олимпиадаға дайындық үшін 13 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған.





