Қазақстандық спортшылар Жаңа жыл қарсаңында бағалы сыйлыққа ие болды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларды арнайы марапаттады. Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов пен каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері Әсел Қанайға жеңістері үшін су жаңа автокөліктердің кілті табыс етті.
Биылғы спорттық маусым екі спортшы үшін де өте сәтті өтті. Сәкен Бибосынов Дубай қаласында өткен IBA әлем чемпионатында 54 келі салмақта ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңіп, мансабында екінші рет әлем чемпионы атанды. Ал Әсел Қанай Мысырда өткен каратэден әлем чемпионатында қола жүлде иеленіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өз салмағында әлемнің ең үздік спортшысына берілетін «Гранд Виннер» атағына қол жеткізген.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі чемпиондарды тәрбиелеген бапкерлер мен ата-аналарға алғыс білдіріп, мемлекет тарапынан спортқа көрсетілетін қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Мұндай марапаттар спортшылардың жігерін жанып, алдағы Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсетуге ынталандырады.





