Өскеменде волейболдан әйелдер командалары арасында ел чемпионатының 4-кіші тур ойындары басталды. Былтырғы маусымның жеңімпазы «Жетісу» волейбол клубы турды сәтті бастап, бірінші ойынында «Алматыны» 3:0 (25:23, 25:6, 25:10) есебімен сенімді жеңді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Алматымен» болған ойында жетісулықтар сапынан Кристина Белова үздік нәтиже көрсетті. Ол 10 ұпай (5 эйс, 5 шабуыл) жинады. Одан кейін Перизат Нұрбергеновамен (8 ұпай – 8 шабуыл) Мария Фролованың (8 ұпай – 1 эйс, 6 шабуыл, 1 тосқауыл) ұпайы жоғары.
«Жетісу» волейбол клубының аналитик маманы Руслан Кенжебаевтың жасаған статистикасы бойынша:
«Жетісу»:
Шабуыл – 48 пайыз.
Тосқауыл – 5.
Эйс – 9.
«Алматы»:
Шабуыл – 29 пайыз.
Тосқауыл – 0.
Эйс – 1.
«Жетісу» ертең «А» тобындағы басты ойынын жергілікті «Берел» (Шығыс Қазақстан облысы) командасына қарсы өткізеді.
Ел чемпионатының аяқталар тұсы жақын. Төртінші кіші турды «А» тобындағы «Жетісу», «Тұран», «Берел» және «Алматы» Өскемен қаласында, ал «Б» тобындағы «Қуаныш», «Ақтөбе», «Астана» және «Қарағанды» Петропавл қаласында ойнап жатыр. Үлкен тур наурыздың аяғында Петропавл қаласында болады.
Дәл қазіргі турнирлік кестеде «Жетісу» 22 ойыннан кейін 64 ұпаймен көш бастап тұр. Биылғы ел чемпионатын әзірге жеңіліссіз өткізіп жатыр. Одан кейін 57 ұпаймен «Қуаныш», 49 ұпаймен «Берел» келеді.





