Миланда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жеңімпаздар есімі белгілі болды. Қазақстан намысын қорғаған Софья Самоделкина айтулы додада мансабындағы рекордтық көрсеткішін тіркеп, жанкүйерлерді қуантты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мұз айдынына он үшінші болып шыққан отандасымыз еркін бағдарламаны жоғары деңгейде орындап шықты. Төрешілер Софьяның өнеріне 138.99 ұпай берді. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша спортшы 207.46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Айта кетерлігі, Софья бұған дейінгі ең жоғары нәтижесіне (205.67 ұпай) 2021 жылы қол жеткізген болатын.
Олимпиада ойындарындағы жүлделі орындар келесідей бөлінді:
-
1-орын: Алиса Лю (АҚШ) – 226.79 ұпай;
-
2-орын: Каори Сакамото (Жапония) – 224.90 ұпай;
-
3-орын: Ами Накаи (Жапония) – 219.16 ұпай.
Софья Самоделкина 207.46 ұпаймен 10-сатыға тұрақтады. Бұл нәтиже отандық мәнерлеп сырғанау мектебі үшін айтарлықтай табыс саналады. Себебі қысқы Олимпиада тарихында әйелдер арасындағы жарыста бұған дейін тек Элизабет Тұрсынбаева мен Айза Мамбекова бақ сынаған еді. 2018 жылғы Ойындарда Элизабет Тұрсынбаева 12-орынды иеленген болатын. Осылайша, Софья қазақстандық спортшылар арасындағы ең үздік нәтижені көрсетті.





