Италияда қысқы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылып, дүбірі басталды. Жарыс жолына шыққан ел спортшыларынан қалың қауым, үлкен үміт күтіп отыр. Сынға түскен әр спортшының жолына алаңдап, нәтижесіне үміт артып, өзге спортшылармен салыстырып әлекпіз. Осы орайда қазақстандық спортшылардың Олимпиада басталғалы бүгінгі күнге дейінгі көрсеткішіне тоқталсақ.
Әуелі үміт күткеніміз мәнерлеп сырғанаудан еліміздің көшбасшысы Михаил Шайдоров болатын. Ол қысқа бағдарламада 92.94 ұпай жинап, 5-орын алды. Шайдаров төрт айналым лутц және үш айналым тулуп каскадында сәл қателік жіберіп, кейін үш айналым аксель мен төрт айналым тулупты қатесіз секірді. Ал көш тізгінін екі дүркін әлем чемпионы Илья Малинин (АҚШ; 108.16 ұпай) алып, одан кейін Юга Кагиямамен (Жапония; 103.07 ұпай) Адам Сяо Хим Фа (Франция; 102.55 ұпай), Даниэль Грассл (Италия, 93,46 ұпай) орналасты. Енді еркін бағдарлама 13 ақпанда өтеді.
Миланнан арнайы хабар таратқан журналистердің бірі Руслан Меделбек:
– Негізгі бағдарламадан соң олимпиада чемпионы мен жүлдегерлері анықталады. Шайдоров алғашқы үштікте тұрған қарсыластарынан кемі он ұпай қалып келеді. Егер Малинин, Кагияма, Сяо Хим Фа негізгі бағдарламаларын таза орындаса, үшеуінен озу басқа спортшыларға қиынға соқпақ, – дейді.
Конькимен 3000 метр қашықтыққа жүгіруден Надежда Морозова 4:01.200 уақытта алтыншы болып мәреге жетсе, Елизавета Голубаева 4:03.300 көрсеткішімен оныншы болды. Бұл қашықтықта италиялық Франческа Лолобриджида олимпиада рекордын жаңартып, алтын алды (3:54.280 көрсеткішімен).
Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Панфилов: «Айта кету керек, бұған дейін Олимпиада ойындарындағы ең үздік нәтижеміз 2014 жылы тіркеліп, жетінші орын алған едік. Әрине, 1998 жылы Людмила Прокашева жеңіп алған тарихи қола медальді есепке алмадым. Мен сол жүлдеден кейінгі көрсеткіштер туралы айтып отыр- мын», – деді. Одан кейін 1000 қашықтықта Морозова 1:16.00 (14-орын), Голубаева 1:16.40 (19-орын), Кристина Силаева 1:17.57 (28-орын) уақытта келді. Бұл сында нидерланд Ютта Лердам Олимпиада рекордын жаңартып, алтын алды (1:12.31 уақытта).
Фристайл-могулдан сынға түскен үш қызымыз финалдық кезеңге тікелей жолдама ала алмады. Алғашқы іріктеу сатысында Анастасия Городко 12-орын, Олимпиаданың қола жүлдегері (Пхенчхан, 2018) Юлия Галышаева 14-орын алса, Аяулым Әміренова 20-орынмен аяқтады. Енді үшеуі де финалдық кезеңде өнер көрсету үшін екінші іріктеу сынында бақ сынайды. Ал ерлер арасындағы сында Павел Колмаков алғашқы іріктеуде 9-орын алып, тікелей финалдық кезеңге жолдама алды.
Биатлоннан ерлер арасында 20 шақырымдық жекелей жарысқа Әсет Дүйсенов (74-орын) пен Владислав Киреев (53-орын) қатысты. Ал шаңғы жарысының спринт бағдарламасы бойынша қатысқан қазақстандықтардың ешқайсысы іріктеуден аспады (келесі кезеңге өту үшін 30 спортшының қатарында болу керек). Қыздарымыздан Дарья Ряжко 55-орын, Анна Мельник 58-орын, Надежда Степашкина 63-орын, Ксения Шалыгина 72-орында келсе, ерлерімізден Виталий Пухкало 75-орын, Әмірғали Мұратбеков 76-орын, Наиль Башмаков 85-орында аяқтады. Олар сөреден шыққанымен мәреге жете алмады.
Өзінің төртінші Олимпиадасына қатысып жатқан шорт-трекші Денис Никиша 1000 метр қашықтықта ширек финалға өте алмады. Одан бөлек аралас эстафетада да спортшыларымыз айтарлықтай өнер көрсете алмады. Команда лидерлерінің бірі Абзал Әжіғалиев:
– Аралас эстафетада келесі кезеңге өте алмадық. Бірақ бұл жекелей сайыстың алдындағы сынақ деп ойлаймын. Сондықтан алда әлі жекелей жарыс бар. Біз соңына дейін күресеміз. Олимпиада әлі біткен жоқ, – деді өз сөзінде.
Ел спортшыларынан күтетініміз көп. Әлі де сеніммен қарап, Италияда олимпиада жүлдесін алады деген үміттеміз. Қазақстан 2022 жылғы Олимпиадада жүлдесіз қалған еді.
Серік ҚАНТАЙ





