Елорда төрінде өткен біліктілікті арттыру курсы ел спортына серпін берген тағылымды жиынға айналды. Аймақтардан жиналған ауыр атлеттер, әдіскерлер мен баспасөз хатшылары бір алаңда бас қосып, заманауи спорт саласының жаңа бағыттарымен танысты.
Бүгінгі спорт тек күш пен төзімнің тартысынан бөлек, ол әдіс, басқару, медиа және кәсіби сауаттың тоғысқан тұғыры. Осыны негізге алған оқу бағдарламасы бірнеше маңызды бағытты қамтыды. Ауыр атлеттер спорттық медицина мен тың жаттығу тәсілдеріне ден қойса, әдіскерлер халықаралық талаптарға сай жұмыс жүргізудің тетіктерін меңгерді. Ал медиа саласының мамандары спорт тақырыбын жұртшылыққа ұтымды жеткізудің, SMM мен PR құралдарын тиімді қолданудың қыр-сырына қанықты.

Дәріс тізгінін ұстаған отандық сарапшылар құрғақ теорияға иек артпай, тәжірибелік мысалдарға басымдық берді. Бұл қатысушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, өңірлердегі спорт жұмысына жаңа леп әкелді.
Курс қорытындысында арнайы сертификаттар табысталып, сала мамандары өзара тәжірибе алмасудың маңызын айрықша атап өтті. Мұндай тағылымды бастамалар аймақ спортының тамырына қан жүгіртіп, спортшылар мен қоғам арасындағы байланысты бекемдей түсері анық.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





