Жетісу облысының орталығында ерекше күтімді қажет ететін жандар арасында арнайы спартакиадаұйымдастырылды. Талдықорғандағы «Ардагерлер» саябағында өткен жарыс шахмат, қол күрес, тоғызқұмалақ, көңілді эстафетта, садақ ату сынды спорт түрлерін қамтыды.
Жиналған қауым алдында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл барша қауымды жарыстың ашылу салтанатымен құттықтап, қаламыздың қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген аймақтағы ерекше қажеттілігі бар жандарды және оларға үнемі көмек қолын созып қолдау көрсетіп келгенатымтай жомарт азаматтарға шынайы ризашылығын білдіріп, арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.
Жауаптылардың сөзінше, аталмыш спартакиада Талдықорғанда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл біріншіден, бұқаралық спортты дамыту болса, екіншіден, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құштарлығын арттырып, оларға жан-жақты қолдау көрсету.
Бір күн бойы жалғасып тартымды да тартысты өтіп көрермендердің делебесін қоздырған сайыста әр жарыс түрлері бойынша топ жарған үздіктер анықталып, жеңімпаздарғабағалы сыйлықтар мен грамоталар табысталды.
– «Жалпы спорттың 12 түрінен өткен бұл сайысқа әрбір үміткер белсенді қатысып барын салды. Жарыс болған соң топты жарып суырылып шыққан үздіктердің, мөлт жіберіп өкініп жататындардың да болары анық. Бастысы спорт – денсаулық кепілі екенін ескерсек жарыс әрбір қатысушыға күш-жігер, көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны сөзсіз»,– дейді ұйымдастырушылар.
Айдын КӘЛІМХАН





