Бүкіл елімізге, қала берді шетелге де танымал балуан, классикалық күрестен КСРО-ның спорт шебері, Ескелді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салин Рүстембековке ұзақ жылғы абыроймен атқарған еңбегі еленіп, «Ескелді ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, зейнеткерлік демалысқа шығарып салды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өңірімізде, тіптен республика көлемінде бұқаралық спортты дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан спорттық және еңбек жолы жайлы оқырманды жақынырақ таныстыру мақсатында Сәкеңмен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Мектепте жүргенде спорттың әр түрімен айналысып, шымыр болып өстім. Волейбол, футбол, жеңіл атлетикамен шұғылданып, қыста шаңғы тебумен әуестендім. Сегізінші сыныптан соң Алматыға барып, кәсіптік-техникалық училищеге қабылданған соң жатақханада тұрып жаттым. Бір күні курстастарыма еріп, спорт залына бас сұқтым. Мұнда балалар бокстан жаттығып жатыр екен. Мен де жаттықтырушыдан өтініп, қолыма былғары қолғап киіп, шаршы алаңға шығып, шамамды байқап көрдім. Біраз жылдан кейін Алматы қаласы бойынша «Еңбек резервтерінің» біріншілігі өтіп, абырой болғанда мен өз салмақ дәрежем бойынша чемпион атағын жеңіп алдым. Осылайша, алғашқы спорттық жолым былғары қолғаптан басталған болатын. Алайда, шаршы алаңды күтпеген жерден боз кілемге ауыстырдым.
«Бір күні училищеде бірге оқитын Сергей Климов деген досым мені күрес залына баруға шақырды. Екеуміз балуандар жаттығып жатқан күрес залына келдік. Сергейді Анатолий Петрович Семенов деген бапкер жаттықтырып жүреді екен. Кез келген қазақ баласы қаршадайынан күресіп өседі емес пе, мен де қазақи күрестің бір екі әдісін жақсы білуші едім. Кілемге шығарып, шама-шарқымды байқап көргенде қара күшке салып, білген әдісімді қолданып, қарсыласыммен тіресіп, бақтым. Александр Петровичке менің қайсарлығым мен қара күшім ұнаған болуы керек, жаттығуға келіп тұруға рұқсат берді. Осылайша, классикалық күрестің қыр-сырын үйренуге кірістім. Бапкерім екеуміз техникамды жетілдіру жолында жалықпай жаттыға бастадық. Сыналар сәт те туды. Алматы қаласы бойынша «Спартак» қоғамының біріншілігіне қатысу мүмкіндігіне ие болдым. 48 келі салмақ дәрежесінде бәсекеге түсіп, екі күнге созылған бұл үлкен турнирде боз кілемде бес белдесу өткізіп, бәрінде ұтып, жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына көтерілдім. Бұл саналы өмірімді спортпен тығыз байланыстырған менің боз кілемдегі тұңғыш ресми жеңісім еді. Ал, осы кезде Сергей Климов жасөспірімдер арасында Кеңес одағының чемпионы болып үлгерген. Содан бізді ересек балуандар тобына ауыстырды. Аймағы ат шаптырым бұл үлкен залда біз Валерий Резанцев, Жақсылық Үшкемпіров, Анатолий Назаренко, Анатолий Быков, тағы басқа атақты спортшылармен бірге тізе қосып, жаттығу өткізіп жүрдік».
Салин Сағатбековке Рига қаласына Балтық жағалауы елдерінің ашық біріншілігіне қатысып, ел намысын қорғау сенімі артылады. Сол сында жасындай жарқылдаған бозбала өз салмақ дәрежесінде боз кілемде керемет өнер көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына жайғасты. Бұл оның халықаралық жарыстардағы тұңғыш жеңісі еді. Бұдан кейін ел біріншілігінде жасөспірімдер арасында бірнеше мәрте жеңімпаз және жүлдегер атанып жүрді. 17 жасында спорт шеберлігіне кандидат атанды.
Училищені бітірген соң 1973 – 1975 жылдары аралығында Отан алдындағы әскери борышын Түркістан әскери округінде Өзбекстанның Шыршық қаласында өтеді. Арнаулы мақсаттағы таңдаулы десант әскерінің барлаушысы Салин Сағатбеков осы екі жылдың ішінде тек әскери міндетін мінсіз атқарумен қатар, түрлі турнирлерде де әскери округтің намысын абыроймен қорғай білді. Бұған екі жылдың ішінде екі елдің чемпионы болып үлгергенінің өзі айқын дәлел болса керек. Мәселен, Ферғана қаласында әскери жаттығуда жүргенде Ташкентте 1970 жылы мамыр айында ВДВ біріншілігі өткізілді. Сонда Салин 60 келі салмақта боз кілемге шығып, қарсылас шақ келтірмейді. Сонымен қатар, осы жылдың күзінде Ленинабадта өткен Тәжікстанның чемпионатында 57 келі салмақта топжарды.
Әскерден кейін бастапқы бапкері Семенов қоныс аударып кетуіне байланысты енді оны «Қайрат» ерікті спорт қоғамы атынан Угрюнников жаттықтыратын болды. 1977 жылы Ташкентте өткен генерал Сабыр Рахимовтың құрметіндегі өткізілген турнирге қатысып, бұл байрақты бәсекеде жеңімпаз атанған Салин 24 жасында классикалық күрестен спорт шебері атағына ие болды.
1977 – 1979 жылдары олимпиадашыларды іріктеу жылдары болғандықтан Салин бірнеше ірі жарыстарға қатысты. 1977 жылы Салинге зор сенім артылып, Кеңес одағының кілең мықты балуандары бас қосатын ВЦСПС біріншілігінде ел намысын қорғау жүктелді. Тула қаласында өткен бұл байрақты бәсекеде жерлесіміз өнер көрсететін 57 келі салмақта күміс медаль алып, ел абыройын асқақтатты.
Тізе берсек, мұндай айтулы жеңістер толып жатыр. Дегенмен, әр спортшының биік арманы әлем біріншілігі мен олимпиада шыңы ғой. Өкінішке орай, Кеңес одағы дәуіріндегі спорт саласындағы мықты спортшыларды таңдау жөніндегі солақай саясаттың салдарынан Салинге әлем чемпионаты мен олимпиадалық ойындарға қатысу бақыты бұйырмады. Болмаса, түрлі турнирлер барысында Салин белдескен әлем чемпионымен де, олимпиада жүлдегерімен де терезесі тең өнер көрсетіп, жеңбесе, ұтылмаған болатын. Демек, жоғары деңгейдегі дүбірлі додаларда да Салин жасындай жарқылдап, жүлде тұғырынан көрінері даусыз еді. Міне, осындай көңілді күпті ететін келеңсіздіктер оның белсенді спортшылық жолын аяқтауға бірден-бір себепші болғаны анық.
Диплом алып шыққаннан кейін көбіне жаттықтырушылық жұмыспен айналысты. Алайда, өзін әрқашан спорттық бабында ұстап, тұрақты жаттығып, түрлі деңгейдегі жарыстарға да қатысып келеді. Бұған оның 43 жасында қазақша күрестен «Динамо» қоғамы бойынша республика чемпионы атанғаны, алпысында ардагерлер арасында 1913 жылы Қостанай қаласында өткен республикалық спартакиадасында қазақша күрестен Қазақстан чемпионы атанғаны осының жарқын айғағы болса керек. Қазірдің өзінде Сәкең жүзу, жүгіру, қарғу, тартылу сияқты көпсайыс бойынша облыстық жарыстар да үнемі жеңістерге жетіп жүр.
– Институттан кейін Алматы облысында классикалық күрестен аға жаттықтырушы болып істедім. Сосын «Қайратта» ерікті спорт қоғамында жаттықтырушы, бұдан кейін Қарағанды қаласында «Буревестник» қоғамында аға жаттықтырушы және Қазақстанның жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болдым, – дейді Салин Рүстембекұлы. Содан облысымызға қайтып оралып, күрес мектебінің директоры, Қарабұлақта ДСО «Қайраттың» ЕСҚ төрағасы міндетін атқардым. 2006 жылдан бері Ескелді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болып қызмет етіп келемін. Облыстық деңгейде де қызмет табылып тұрса да, өз ауданымда спорт дәрежесін көтеруді қолға алуды жөн көрдім. Өзім жарыстарға қатысып жүргендіктен, мен жасымның ұлғайғанын, зейнеткерлікке жеткенімді де білмей қалдым. Өйткені, облыс көлеміндегі жарыстарға команда үшін өзім қатысып кетемін. Мен 1981 жылы үйлендім. Өмірлік жарым Майра да осы ауылдың қызы. Жоғары білімді неміс тілі пәнінің ұстазы. Тұңғышымыз Динара қазір 37 жаста. Ұлым Рустам 1983 жылы туған. Қызымыздан Ернар деген, ал ұлымыздан Мединә мен Мұхамед есімді ұл мен қыз сүйіп отырмын. Мен осындай мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Ертеңгісін бой сергіту жасамасам, кешкісін жүгірмесем тұра алмаймын. Немереміз екеуміз тренажерный залға, бассейнге барамыз. Қыс кезінде сенбі, жексенбіде тауға шығып, шаңғы тебеміз. Ұлым өзіме еліктеп, спортпен шұғылданып, таэквондо жекпе жегімен айналысқан еді. Таэквондодан Кореяға жарысқа барып, жүлдегер атанып келген болатын. Өкінішке орай, тәп-тәуір нәтижелерге жетіп келе жатқанында жазатайым аяғын сындырып алды да үлкен спортпен қош айтысуына тура келді. Қызым да, ұлым да бой сергіту жаттығуларын менімен бірге қатарласа жасап жүріп өсті, – деп ағынан жарылды ардагер спортшы.
Шора БАТЫРБАЕВ.
Ескелді ауданы.





