Чехияның Простеев қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы ITF World Junior Tennis Finals турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы ойынын өткізді.
Қазақстан В тобында өнер көрсетіп жатыр. Топтағы алғашқы кездесуде отандастарымыз Германия құрамасына қарсы алаңға шықты.
Жекелей сында алғашқы болып кортқа шыққан Хақназар Жеткербай Даниель Шарнецкиге 3:6, 2:6 есебімен жол берді. Екінші матчта Ахмади Маханов тартысты кездесуде Те Луис Калинді 6:1, 2:6, 7:5 есебімен жеңіп, таразы басын теңестірді. Алайда шешуші жұптық кездесуде қазақстандық теннисшілер Даниель/Луис дуэтіне 3:6, 4:6 есебімен есе жіберді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы алғашқы турда жеңіліп қалды. Команда топтық кезеңдегі келесі кездесуін Жапония құрамасына қарсы өткізеді.
«Жетісу-Ақпарат»





