Футболдағы рейтингтің орны бөлек. Ол құраманың беделі мен деңгейін көрсететін айна. Рейтинг арқылы құраманың халықаралық аренадағы ықпалы және турнирлердегі бастапқы мүмкіндігі айқындалады. Сондықтанда рейтингте жоғары тұру көп жағдайда тиімді.
Құрамалардың орны ФИФА (Әлемдік футбол ассоциациясы) бекіткен арнайы жүйе бойынша анықталады. Онда матчтың нәтижесі, қарсыластың деңгейі, ойынның маңыздылығы және турнирдің ауқымы ескеріледі. Ал УЕФА (Еуропа футбол қауымдастығы) осы рейтингке сүйене отырып, Еуропа біріншіліктері мен іріктеу кезеңдерінде командаларды арнайы себептке орналастырып, құрамалардың қарсыласын анықтайды.
Қазақстан ұлттық құрамасы кейінгі жылдары рейтингте айтарлықтай жоғарлаған жоқ. Керсінше құлдырау байқалады. Нәтиженің тұрақсыздығы – халықаралық тәжірибенің жеткіліксіздігін аңғартады.
Бұл жөнінде Қазақстан Ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Елдос Ахметов: «Бірде Польшаға қарсы ойында төреші бізге қарсы ысқыра берді. Сонда мен бір бұрыштама кезінде Роберт Левандовскийге айттым, «төреші әділетсіздік жасап жатыр», – деп. Роберт болса, «иә біліп тұрмын, оның себебін де білемін. Сендердің рейтингтегі орындарың төмен, сондықтан төрешілер мықтыларға болысады»,- деп шындығын айтты. Иә мен бұл жағдай туралы осыған дейін де естіген едім. Шығар қорытынды: бізге рейтинг көтеріп, абырой жинау қажет»,-дейді.
Кейінгі бес жылдағы Қазақстан құрамасының ФИФА-дағы орны:
2021 жыл – 119-орын.
2022 жыл – 115-орын.
2023 жыл –100-орын.
2024 жыл –110-орын.
2025 жыл –114-орын.
Кейінгі бес жылдағы Қазақстан құрамасының УЕФА-дағы орны:
2021 жыл – 27-орын.
2022 жыл – 29-орын.
2023 жыл – 30-орын.
2024 жыл – 33-орын.
2025 жыл – 37-орын.
Бұл көрсеткіштер ел футболының құлдырап кетпегенін, бірақ жүйелі даму деңгейіне әлі жете алмағанын аңғартады. Мамандар мұны ұлттық құраманың ойыны мен нәтижесі көбіне жекелеген турнирлер мен қысқа кезеңдерге тәуелді болуымен байланыстырады. Бапкерлердің жиі ауысып тұрақтамауы және ішкі біріншіліктегі бәсекенің жеткіліксіздігі ұлттық құраманың дамуын тежеп отыр. Ал УЕФА-ның кейінгі бес маусымындағы рейтинг қазақстандық клубтардың еурокубоктардың топтық кезеңдерінде тұрақты ойнайтын, халықаралық аренада жүйелі нәтиже көрсететін клубтар саны әлі де аз екенін көрсетеді. Клубтық табыстың бір немесе екі командаға ғана тәуелді болуы жалпы елдік рейтингтің жоғарылауына кедергі келтіріп отыр. Бір маусымдағы сәттілік келесі жылы қайталана бермейді, ал бұл жағдай тұрақты дамудың жоқтығын көрсетеді.
Бүгінде ел чемпионатына бұрын гранд командаларда ойнаған футболшылар қосылып, талай клуб жеке меншікке өтті. Бұл да рейтингте жоғарлауымызға сеп болады деп ойлаймыз. Ал Ұлттық құрамаға ойыншыларды молынан сыйлап жатқан «Қайрат» академиясының жанына тағы бір академияның қажеттілігі сезіледі. Бүгінде құрылысы басталған «Шахтер» командасының академиясы да осы қарқынмен келешекте жақсы ойыншыларды қатарға қосарына сенейік.
Серік ҚАНТАЙ




