Бұл шара ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік жасап қана қоймай, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті.
Турнирге Сарқан ауданының бірнеше ауылынан бөлек, Алматы және Талдықорған қалаларынан келген жас спортшылар қатысты. Таңғы алакеуімнен басталған тартысты ойын түн жарымға дейін жалғасты. Шеберліктерін паш еткен жасөспірімдер әдемі ойын өрнегін көрсетті.
– Осындай турнирлер арқылы біз ауылдан түлеп ұшатын дарынды жастарды тани аламыз. Болашақта республикалық, тіпті халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын азаматтар өсіп келеді. Мен әрқашан спортқа қолдау көрсетуге дайынмын. Жастардың қуанышы – біздің қуанышымыз. Стадион салынғалы бері ауылдың балалары күндіз-түні осында доп тебеді. Оларды көргенде өзім де ерекше рухтанып, шабыт аламын, – деді демеуші Мұрат Иманқұлов.
Турнир Көкжиде ауылының спортын дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтар – Сәрсенғали Иманғали мен Санат Долаевті еске алуға арналды. Ауыл халқы марқұмдардың рухына Құран бағыштап, ас берді.
Ала допты қуған 12 команда 16 сағат бойы бас жүлдені сарапқа салды. Ақтық ойында алматылық «Бөрлі» мен талдықорғандық «Сұңқар» кездессе, 3-орынға Матай мен Лепсі ауылдарының жастары таласты.
Бас төреші Мұрат Садыбаевтың айтуынша, мұндай турнирлер ауыл спортына үлкен серпін береді.
Нәтижесінде бас бәйгені «Бөрлі» командасы жеңіп алып, ауыспалы кубокпен бірге 500 мың теңге сыйақыға ие болды. Күміс жүлде «Сұңқарға», қола медаль Матай жастарына бұйырды.
«Үздік ойыншы атағы» матайлық Алтай Оразханға табыс етілсе, «Үздік сұрмерген» номинациясы «Сұңқар» сапындағы Жанабек Балғабековке бұйырды.
Турнир спорттық қуанышпен шектелмей, тарихи тағылымға да толы болды. Ауыл тұрғындары Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш тақта орнатылғанын мақтанышпен атады. Жанына келіп, жазуына үңілсеңіз мынадай жазуға тап боласыз.
«Бірі майдан даласынан келмеді,
Бірі оралып, елге сіңді еңбегі.
Бірі тылда ауыр жұмыс арқалап,
Жүрсе-дағы үміт оты сөнбеді.
Тағзым саған, Көкжидемнің ерлері!».
Жүрекке жететін осы өлең жолдары ауылдың жас буынына бейбіт өмірдің қадірін сездіріп, елге адал қызмет етудің үлгісі екенін көрсетеді.
Турнир соңында ауыл жастары демеушіге алғысын білдіріп, осындай шаралардың дәстүрлі түрде жалғасуын тіледі. Кәсіпкердің өзі де игі істі алдағы уақытта тұрақты түрде қолға алатынын айтты.
Бұл бастама – ауыл спортының дамуына, жас буынның бойына патриоттық рух пен жігер дарытуға арналған үлкен қадам.
Айта кетерлігі, Көкжидеде дәстүрлі футбол турнирі жыл сайын өтетін болады. Егер келесі жылғы жарысқа қатысуды қаласаңыздар, ұйымдастырушы Қайрат мырзаға хабарласуларыңызды сұраймыз. Байланыс нөмірі: +7 777 375 7707.
Cанжар СҰЛТАНҒАЗЫ





