Аралас жекпе-жек өткізетін Әлемдегі беделді ұйымдағы (UFC) қазақстандық екі файтерге қатысты жаңалық шықты. Асу Алмабаев октагонға оралса, өзінің жанкештілігімен көзге түсіп жүрген Әліби Ыдырыстың сынамасынан допинг табылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жеңіл салмақта сынға түсетін (56,7 келі) 32 жастағы қазақстандық спортшы Асу Алмабаев 27 маусымда Бакуде өтетін UFC турнирінде окагонға шығады. Қарсыласы – Чарльз Джонсон (АҚШ). Алмабаев өз салмағы бойынша рейтингте 8-орында тұр, ал қарсыласы Джонсон болса 13-орында.
Алмабаев кейінгі кездесуін 2025 жылдың қарашасында Алекс Переске қарсы өткізіп, тұншықтыру әдісі арқылы ұтты. Ал 35 жастағы Джонсон наурызда Бруно Силвамен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңді. Алмабаев та наурызда UFC Mexico турнирінде Брэндон Мореноға қарсы өткізу керек болған, алайда жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты.
Жалпы Асу Алмабаев ережесіз жекпе-жекте 23 кездесу өткізіп, үшеуінде жеңілді (UFC-да 7 кездесуде 1 рет жеңілді). Чарльз Джонсон болса 19 кездесуде 8 мәрте жеңілді.
UFC-де жүрген тағы бір қазақстандық жөніндегі жаңалық көпшіліктің көңілін түсіргені анық. Әліби Ыдырыстың ағзасынан гидрохлоротиазид табылып, оны 2027 жылдың 21 ақпанына дейін жекпе-жектен шеттетті. Бұл жөнінде UFC ұйымы ресми сайтында арнайы хабарлама жариялады.
«Naiza» лигасында чемпион болған Әліби Ыдырыс UFC-де биыл ақпанда дебют жасап, Хьюстонда болған UFC Fight Night 267 турнирінде Оде ООсборнды жеңген еді. Енді бұл жекпе-жектің де нәтижесі өзгертіледі. Қазақстандық файтер препарат қабылдағанын мойындап, 19 ақпанда салмақ қуу кезінде өзін бір қалыпты ұстау үшін қолданғанын айтқан.





