IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы The Ring журналының рейтингінен шығарылды.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Кәсіпқой бокста жеңіліссіз өнер көрсетіп келе жатқан қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17–0, 12 KO) допинг дауына байланысты беделді The Ring журналының рейтингінен толық алынып тасталды.
Басылым мәліметінше, бұған дейін рейтинг көшін бастап тұрған Жәнібек Әлімханұлы VADA ұйымы жүргізген допинг-тест нәтижесінің оң шығуына байланысты тізімнен шығарылған. Осы өзгеріске байланысты қалған боксшылар бір сатыға жоғары көтеріліп, ал Хесус Рамос-джуниор алғаш рет рейтингке еніп, үздік ондыққа қосылды.
Айта кетейік, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеуді біріктіру жекпе-жегін өткізуі тиіс болған. Алайда допинг-сынама барысында мельдоний препараты анықталып, кездесу өтпей қалды.
Осы жағдайдан кейін Premier Boxing Champions ұйымы Жәнібектің орнына жаңа қарсылас бекітілгенін хабарлады. Нәтижесінде Эрисланди Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасып, WBA чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.





