Самат Сымақов жаттықтыратын команда сегіз ойында тек 2 гол салып (1-тур, «Қызылжар» — 1:1, гол салған – Дмитрий Шмидт; 2-тур, «Оқжетпес» — 1:3, гол – Аслан Ахметов), өз қақпасына 11 гол өткізіп алды. Жалпы жинағаны 4 ұпай. Турнирлік кестеде «Ұлытау» (2 ұпай), «Атырау» (3 ұпай), «Қайсардың» (4 ұпай) алдында 11-орында тұр. Жаттықтырушы Самат Сымақов Шымкентте «Ордабасымен» болған ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында төрешілерге бағыттап айтқан сөздері үшін федерациядан төрт ойынға шеттетілген болатын. Оның орнында алаң жиегінде бапкердің көмекшісі Николай Гавриш тұрды.
«Жетісу» Талдықорғандағы Орталық алаңда тек екі матч қана ойнады (6-тур, «Елімай»; 8-тур, «Оқжетпес»). Оның алдында алаңның дайын болмауына байланысты өз ойындарын Алматыдағы «Хан Тәңірі» алаңында өткізген еді. Әзірге жанкүйерлерін қуанта алған жоқ. Премьер-лигадағы «тәртіпсіз» команда санатындағы «Жетісу» сегіз ойында 21 сары, 1 қызыл қағаз алды. Әр матч сайын тәртіп бұзуын да үдетіп, ескерту қағаздарын да көбейтіп келеді.
Биыл «Жетісу» Премьер-лигадағы өз орнын сақтап қалса, жетістік болайын деп тұр. Бюджет жағынан көп командадан бір бас жоғары. Мәселен, «Телеграм» әлеуметтік желісіндегі «Дядя Ваня» арнасы облыстық бюджеттен «Жетісу» 1,7 миллиард теңге алғанын жазды. Өзге командаларға да тоқталып «Ақтөбеге» (4,2 миллиард теңге), «Ордабасыға» (3,5 миллиард теңге), «Елімайға» (2,7 миллиард теңге), «Қызылжарға» (2 миллиард теңге), «Қайсарға» (1,9 миллиард теңге), «Оқжетпеске» (1,8 миллиард теңге)», «Ұлытауға» (1,4 миллиард теңге), «Тобылға» (1,3 миллиард теңге), «Тұранға» (1,2 миллиард теңге), «Жеңіске» (0,99 миллиард теңге) және «Қайратқа» (0,75 миллиард теңге), демеушілерден тыс жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатты ашық жариялады. Ал талдықорғандықтардың жалпы құнын әйгілі «transfermarkt» сайты 2,23 миллион еуро деп көрсеткен. Ең қымбат ойыншысы ресейлік қорғаушы Сослан Такулов (300 мың еуро). Бюджеттен тыс кәсіпкерлердің де демеуін байқауға болады. Жергілікті ойыншылар азайып, сырттан келген, әр маусым сайын клуб ауыстыратындарға толған «Жетісудың» да келесі қадамы қызық.
«Жетісу» келесі ойынын «Атыраумен» сырт алаңда өткізеді.
Серік Қантай





