Жетісу облысының тумасы Нұржан Нұрбеков ардагерлер арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында бесінші алтын медалін жеңіп алды. Иордания астанасы Амманда өткен дүбірлі додада ол Қазақстан тарихында осы санат бойынша бес мәрте әлем чемпионы атанған алғашқы балуан ретінде танылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Спортта биік белеске жету үшін табиғи қабілетпен қатар, табандылық пен темірдей тәртіп қажет. Ал сол жетістікті жылдар бойы сақтап, халықаралық аренада қайта-қайта дәлелдеу – кез келген спортшының қолынан келе бермейтін іс. Жаркент қаласының тумасы Нұржан Нұрбековтің спорттық жолы осыны айғақтайды.
Биыл 55 жасқа толған балуан 2026 жылы Иорданияда өткен әлем чемпионатында тағы да қарсыластарынан оза шауып, алтын медальға қол жеткізді. Осылайша, ол әлемдік додада бесінші рет чемпион атанып, отандық спорт тарихындағы ерекше жетістігін толықтырды.
Нұржан Жигулиұлының әлемдік жеңістер жолы 2017 жылы Болгарияда басталған. Сол жылы ол ардагерлер арасында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанып, бұл санатта осындай атаққа қол жеткізген алғашқы қазақ балуаны болды. Арада алты жыл өткен соң, 2023 жылы Грекияда өткен чемпионатта да жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 2024 жылы Хорватияда, 2025 жылы Венгрияда қарсыластарынан басым түсіп, чемпиондық атағын қорғады.
Болгария, Грекия, Хорватия, Венгрия және Иордания. Бес мемлекетте өткен бес әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көріну – Нұржан Нұрбековтің халықаралық спорттағы тұрақтылығы мен шеберлігін танытатын көрсеткіш. Әр жеңістің артында жүйелі дайындық, төзім, тәртіп және ел намысын абыроймен қорғауға деген ұмтылыс жатыр.
Балуанның жетістігі Жетісу өңірі үшін де зор мақтаныш. Жас спортшыларға үлгі боларлық бұл жол адамның жасына емес, мақсатына адалдығы мен үздіксіз еңбегіне басымдық беретінін көрсетеді. Ардагерлер санатында әлемдік деңгейде бәсекеге түсіп, қайта-қайта жеңіске жету – спортқа деген сүйіспеншіліктің жылдармен өлшенбейтінін аңғартады.
Нұржан Нұрбековтің Аммандағы алтын медалі – жеке жеңістен де ауқымды оқиға. Бұл – Жаркенттен шыққан балуанның халықаралық аренада Қазақстанның атын танытып, отандық спорт шежіресіне өз қолтаңбасын қалдырғанының айғағы.





