Былтыр ел футзалында айтарлықтай сілкініс жасап, мықты қарсыластармен иық тірестіре ойнап, жанкүйерлердің зор қолдауына ие болған «Жетісу» футзал клубы биыл құрамын толықтай жаңартып, жергілікті жастармен жаңа маусымға қадам баспақ. Әуелі ел чемпионатынан бұрын Қазақстан кубогында ойнайды. Төрт топқа бөлінген 16 команда екі қалада (екі топтан) Орал мен Талдықорғанда сынға түседі.
Өткен маусымда құрамда болған Дәурен Қайратұлы, Бексұлтан Тілеухан және Мади Маратұлы (бәрі жергілікті ойыншылар) ғана «Жетісу» сапында қалды. Ал биылғы маусымға жасақталған ойыншылардың басым көпшілігі іріктеуден өткен жергілікті спортшылар. Білікті маман Биро Жаде команданы ары қарай жаттықтыра береді.
Оралдағы «Жайық аренада» «Қайрат» пен «Семей» арасындағы Суперкубоктың ойыны биылғы маусымның шымылдығын түреді. Одан кейін екі қалада ел кубогының топтық кезеңі басталады. Талдықорғанда болатын ойындарда «Жетісу» бірінші кездесуін жаңадан құрылған «Қызылорда» командасымен (25 тамыз, 19:00), одан кейін «Аятпен» (26 тамыз, 19:00), топтағы соңғы ойынын Қарағандының «Тұлпар» (28 тамыз, 19:00) клубына қарсы өткізеді. Команда құрамы толықтай жаңарған «Жетісудан» жанкүйерлердің сәтті маусым күтетіндігі анық.





